$ 498.51  522.84  4.81

Оңтүстікте кəсіпкерлердің 30 пайызын əйелдер құрайды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі бір топ іскер әйелмен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуына тамшыдай болсын үлестерін қосып жүрген ханымдарға алғысын білдіріп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысында қалыпты түрде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 175 мыңды құрайды. Ал  сол кәсіпорындардың 30 пайыздан астамын нәзік жандылар басқаруда. Аталған көрсеткіш бүгінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметімен айналысуға деген белсенділігін көрсетеді», - деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, биыл «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында облысымызда 18 кәсіпкер әйел 39,5 миллион теңге көлемінде грант иеленіпті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш.

Биылдың өзінде  «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық  орталығы 386 кәсіпкер әйелге 1 млрд. 23 миллион теңге көлемінде несие беріпті.  Сондай-ақ өңіріміздегі  «Ontustik» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалы барлық аудан-қалаларда жұмыс жүргізуде.  Мұнда ісін жаңа бастағалы отырған кәсіпкерлер өз біліктілігін арттырып қана қоймай, бизнесті жүргізудің жаңа тәсілдерін үйрене меңгере  алады. Осы орталықтарда оқыған тыңдаушылардың 40 пайызын әйелдер қауымы құрайды.

Облыс әкімімен  емен-жарқын әңгіме барысында нәзік жандар өткендеріне көз жүгіртіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Кездесу соңында өңір басшысы нәзік жандарды жаңа жыл  мерекесімен құттықтап, бірқатар номинациялар бойынша сыйлықтар тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары