Бүкіл Қазақстанның елдімекендерін шарлап жүрген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Оңтүстік Қазақстан облысында жүр. Түлкібастан Түркістанға бет алған құрам мыңдаған адамның денсаулығын тексеріп үлгеріпті.
25-ші стансаға аялдаған пойыздағы түрлі сала өкілдері осы аралықта 55 мыңдай жанның мұң-мұқтажын тыңдап, қол ұшын созған. 7 министірлік пен 3 ұлттық компания өкілдері жергілікті халықпен кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді. Көптің көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Аудандық емханада бір мезгілде 70 тәжірибелі маман тұрғындарға тегін медициналық кеңес берді. Дәрігерлер жолда өткерген күндерінде 9 мыңнан астам науқасқа көмек көрсеткен. Халқымыздың ырыс-ынтымағы мен мызғымас бірлігін дәріптеп жүрген пойыз енді Түркістан қаласына да аялдамақ.
Әміржан Әлпейісов, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб басшысы:
- 7 мың адамды біз жеке өздерінің мәселесімен қабылдаған болатынбыз. Соның 6,5 мыңын жергілікті әкімдікпен біріге отырып шештік. Құжат материалдарды, сұрақтарды Қазақстан халқы Ассамблеясы жинап, Президент әкімшілігіне жеткізіп отыр. Сол Президент әкімшілігі арқылы Үкіметке бұл мәселелердің барлығы түседі, министрліктерге түседі.
Айта кетейік, аталған шараның мақсаты – ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында бүкіл Қазақстан халқына тегін әрі сапалы медициналық көмек көрсету болып табылады.