$ 446.49  475.38  4.79

Тәуелсіздік мерекесінде энергетиктердің еңбегі еленді

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев «Энергетиктер күніне» арналған мерекелік салтанатты шарада сала мамандарын құттықтады.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел энергетикасының дамуына аса көңіл бөліп келеді. Өйткені энергетика саласы – кез-келген қоғамның, қарыштап дамып отырған елдің экономикасының алтын өзегі. Барлық салалардың өз деңгейінде өркендеуі, тіпті үйдегі жайлылық, жарық пен жылу да энергетикаға байланысты»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысы ТМД Құрмет энергетигі грамотасымен, ТМД Еңбегі сіңген энергетигі, Қазақстан энергетиктер қауымдастығының Еңбек сіңірген энергетигі, Қазақстан энергетиктер қауымдастығының Құрметті энергетигі төсбелгілерімен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен осы салаға еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. Сонымен қатар бірқатар мамандарға облыстық мәслихаттың Грамотасы және Алғыс хаттары табыс етілді.  

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада жалпы саны 92 адам марапатталды. 

Облыста электроэнергияны өндіру тапшылығын біршама азайту мақсатында Шардара су электр станциясының  қуатын 100 МВт-тан  126 МВт-қа ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Ал, өңірде жаңғырмалы энергия көздерін дамыту бағытында 28 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі анықталған. Оның ішінде 2014-2015 жылдары Сарыағаш ауданында қуаты 2 МВт болатын «Рысжан» шағын су электр станциясы мен Сайрам ауданында және Шымкент қаласында қуаты 1 МВт болатын 2 күн электр станциясы пайдалануға берілді. 

2009-2016 жылдары бюджет есебінен  облыстың аудан, қалаларында 3067 шақырым электр желісі және 1087 дана трансформатор, 8 дана 110-35 киловольттық  қосалқы станциялар пайдалануға берлді. Атап айтқанда, Шымкент қаласында 110/10 кВ-тық «Самал», 35/10 кВ-тық «Нұрсәт», «Бозарық», «Ақтас», Түркістан қаласында 110 кВ-тық «Коммуналдық», «Новая», Ленгер қаласында 35/6 кВ-тық «Шаңырақ», Сарыағаш қаласында 35/10 кВ-тық «Самал» станциялары іске қосылды. Нәтижесінде 595 мың тұрғын, әлеуметтік, шағын және орта бизнес нысандары тұрақты, сапалы электр қуатымен қамтылды. Сонымен қатар, Шымкентте жабық түрдегі заманауи 220-110 киловольттық «Бозарық» «Астана-1» «Астана-2» қосалқы станцияларының құрылыстары жүргізілуде.  

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС инвестиция есебінен 25 656,7 млн. теңгеге 5 012,6 шақырым электр желісін және 834 трансформаторлар мен қосалқы станциялар жаңғыртылды. Шымкент қаласында жабық түрдегі 110/10 киловольттық «Солтүстік», «Нұрсәт» қосалқы станциялары   пайдалануға берілді. 

 «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2014-2015 жылдары Шымкент қаласында 14 шақырым магистралды жылу құбыры жаңғыртылды.

«Энергоорталық» АҚ  тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 секциялы №4 градирня, диаметрі 1020 мм болатын 22 шақырым жылу трассасы  іске қосылды, станцияның негізгі және қосалқы қондырғылары күрделі жөндеуден өткізілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары