$ 448.56  478.03  4.79

Кәсібіміздің өркендеуі Тәуелсіздіктің арқасы - ауыл тұрғындары

Ордабасы ауданына қарасты Қажымұқан ауылында мемлекеттiк бағдарламалар бойынша жеңiлдiктерге қол жеткiзiп, өз кәсiбiн дөңгелетiп отырған жандар көп. Бәрі де мұны ел егемендігінің шарапаты дегенді айтады.

Ауыл округiнiң әкiмi С.Өтебаевтың айтуынша, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 48 азамат өтiнiш бiлдiрген. Бүгiнде соның 24-iне мал шаруашылығын дамыту үшiн мемлекет тарапынан 63 млн. 500 мың теңге берiлiптi. Сонымен бiрге, шағын кәсiпкерлiк үшiн жол тасымалдау қызметi мен көлiк жөндеу шеберханасы сынды жеке кәсiпкерлiктi құруға 12 азамат ниет бiлдiрiп, оның үшеуiне 8 миллион теңге көлемiнде қолдау көрсетiлген.

Анадан балаға...

Жеке кәсiпкер, «Рахиева» шаруа қожалығының иесi Айымхан Рахиева Қажымұқан ауылында монша салып қана қоймай, шағын және орта кәсiпкерлiктiң басқа да бiрнеше түрiмен айналысып жүр. Айымхан апай кiшi ұлы Нұрғали өзiнiң жолын қуып, кәсiппен айналысамын дегенде қуана келiсiптi. Кенже ұлына қолдау көрсетiп, ақыл-кеңесiн айтқан. Бүгiнде 12 сотық жерге жылыжай салған Нұрғали ауылдың үш адамына жұмыс берiп отыр.

– Кәсiбiн ашып, жұмыс iстеймiн дегендерге мемлекет тарапынан қолдау көп екен. Алғашында жүрексiне бастаған iсiм алға басып келедi. Қолдағы аз ғана қаражатыма мемлекеттен субсидияға алған 300 мың теңгенi қосып, тiрлiгiмдi бастап кеттiм. Былтыр жаңадан ашқан жылыжайға жыл бойы екi мәрте қияр ектiк. Түсiм жаман болған жоқ. 15 тоннадай өнiм жинадық, – дейдi Нұрғали бiзбен әңгiмесiнде.

Шаруалар 45 күнде жемiс беретiн қиярдың баптауы келiссе, 3-4 айға дейiн өнiм беретiнiн айтады. Ең бастысы, күтiмiн келiстiруiңiз керек. Өнiмдi өткiзу де соншалықты қиын проблема емес. Тiптi, Нұрғали еккен қиярды Алматыдан арнайы келiп алып кететiн фирмалар да бар екен.

«Сыбағадан» сыбаға алған

Мемлекеттiк «Сыбаға» бағдарламасы аясында биыл Қажымұқан ауыл округiнiң шаруалары жоспар бойынша 133 iрi қара сатып алуы тиiс болатын. Бүгiнде, бұл бағытта 290 сиыр және 10 бұқа сатып алынып, жоспар екi есе артық орындалған.

«Сыбағаның» шарапатын көргендердiң бiрi Гүлмира Бейiмбетованың отбасы.

Гүлмираның бәрiне үлгеретiнiне таң қаласыз. Алты баланың анасы жұмысты тындырып iстегендi ұнатады. Үйi тап-тұйнақтай. Есiк алдында кiлем жуып, оған қоса қысқа дайындық жасап, тосап қайнатып жүр. Үйiнiң қапталынан дүкен ашып қойған. Қызығасың.

Ежелден-ақ жайлау төсiнде мыңғырған мал бағып өскен халықпыз ғой. Гүлмира да атакәсiптен қол үзбептi.

Оның малға да күтiмдi жақсы жасайтынын қора-қопсысының тазалығынан аңғаруға болады. Бiз барғанда мал жайылымға кетiп, қорада бiрен-саран жылқы мен бұзау, асыл тұқымды бұқа ғана қалыпты.

– «Сыбаға» бағдарламасы шаруашылығымды көтеруге кәдiмгiдей септiгiн тигiздi. 30 сиырымның жем-шөбi үшiн 540 мың теңге субсидия алдым. Одан бөлек, жақында Тараз қаласынан 350 мың теңгеге асыл тұқымды ақбас бұқа алып келдiм. Оның да жарты ақшасын, яғни 154 мың теңгесiн мемлекет қолдау ретiнде бердi. Көзiн тауып жұмыс iстесең мемлекеттен қашан да қолдау болатынын анық сезiндiк. Шүкiр, тiрлiгiмiздi дөңгелетiп отырмыз, – дейдi «Бейiмбетова» шаруа қожалығының төрайымы.

Жұбайы Ғалымбек екеуi жылқы бағуды да қолға алыпты. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 6 пайыздық несиемен 3 миллион теңгеге 20 жылқы әкелген. Оның бiреуi құлынды бие. Гүлмираның күнделiктi тiршiлiгiне күнiне 5-6 мәрте бие саууды қосыңыз. Несиенi 3 жылда әр 6 ай сайын 600 мың теңгеден төлеп құтылады. Сонымен бiрге, мемлекеттiк бағдарлама аясында кепiлге үйiн қойып, 3 миллион теңге несие алып, 200 қозы алған. «Несиемiздi 7 сауын сиырдың сүтiмен-ақ өтеп отырмыз. Жазда күнiне 100-120 литр сүт алатын едiк. Қазiр 60-70 литр сүттi қалаға жөнелтемiз. Күн сайын 50-60 литрдi балмұздақ цехына өткiзсек, қалғанын дүкендерге таратамыз. Сүттiң өзiнен күндегi түскен табысты жинап, айына 150 мың теңгеге толтырамын. Бұл балаларымның несiбесi шығар» дейдi Гүлмира.

«Сыбаға» бағдарламасының шарапатын шалғайдағы ауыл тұрғындарының сезiне бастағаны қуантады. Несие алып, шаруасын шалқытуды, атакәсiптi ары қарай дамытқысы келетiн жандарға қашан да мемлекеттiң қолдау бiлдiретiнiн осыдан-ақ аңғарасыз.

Гүлмира жұбайы Ғалымбек Мырзабаев екеуi мал шаруашылығымен айналысуды былтыр ғана қолға алған. Өткен жылы әрқайсысын 250 мың теңгеден сатып алған 10 сиырдың бұзаулары бүгiнде 130-140 мың теңгеге сатылатын өгiзше болды. Ал, 10 сиыр биыл тағы бұзаулаған. Жоғарыда 3 млн. 100 мың теңгеге 15 500 теңгеден 200 қозы сатып алғанын айттық. Жолдасы мен ұлы бiр айға жуық қозыларды ауладағы жоңышқаға жiберiп, оңалтып, әрқайсысын 20 мың теңгеден сатқан. Мiне, пайда! Бiр айда 900 мың теңге табыс тауып отыр.

– Жүрексiнбей жұмыс iстеуге болады екен. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген ғой. Жұмыс iстесең, берекесiн бередi. Ендi алдағы уақытта жылқы басын көбейтiп, шаруа қожалығының аясын кеңейткiмiз келедi, – дедi Гүлмира.

Мемлекет басшысының сөзiмен айтсақ, ел болашағы – аграрлық секторда. Ендеше, ауылдағы ағайын ойланайық!

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары