$ 444.22  476.38  4.82

Тәуелсіздікке 25 жыл: Көлiктiк байланыс жақсарып, елдiмекендер жақындай түстi

Кеңес өкiметiнен Қазақстанға мирасқа тоқтап қалған зауыттар, тозған ауыл, жұмыссыздық секiлдi толып жатқан әлеуметтiк, экономикалық проблемалар қалды. Соның iшiнде шұрқ тесiлген жолдар тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңнiң шынайы бейнесiндей болып әлi күнге дейiн көз алдымызға елестейдi.

Елбасы Н.Назарбаевтың халықтың тұрмысын, елдiң ахуалын көтеруге бағытталған саяси-экономикалық реформаларының арқасында Қазақстан тарихи тұрғыдан санағанда өте аз уақыттың iшiнде тез күш жинап, әлемдiк аренада таныла бастады.

Халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсарту мемлекеттiң басты ұстанымы, ұраны болғандықтан қазынаға түскен қомақты қаржы ең алдымен тұрмысты түзеуге жұмсалды. Оған өздерiңiз де куәсiздер. Тәуелсiздiк жылдары iшiнде қаншама мектеп, аурухана, балабақша секiлдi көптеген әлеуметтiк нысандар бой көтердi. Расын айту керек, мұндай игiлiкке егемендi ел болған соң ғана қолымыз жеттi.

Үкiмет тұрғындарды сапалы бiлiм, медициналық көмек, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етумен бiрге жол мәселесiне де ерекше көңiл бөлуде. Өйткенi, «жолына қарап мемлекетiн таны» деген бұрыннан келе жатқан тәмсiл бар. Елбасы Н.Назарбаев та халыққа арнаған әрбiр Жолдауларында үнемi осы сөздi айтып отырады. Сондықтан жол жөндеу, жол құрылысы соңғы жылдары елде қызу қарқын алды. Әсiресе, көне Жiбек жолы бойында орналасқан Оңтүстiк өңiрiнде жол құрылысына айрықша мән берiлуде. Себебi, бiрiншiден, халықаралық «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» көлiк дәлiзi бiздiң облыс арқылы өтсе, екiншiден, ОҚО көршi Өзбекстан мемлекетiмен байланыстыратын өңiр саналады. Осыған орай, облыста транзиттiк көлiк ағыны өте жоғары. Сонымен бiрге, Оңтүстiк Қазақстан облысы республикадағы халқы көп әрi тығыз орналасқан облыс болғандықтан iшкi жолдардағы көлiк қозғалысы да өзге өңiрлермен салыстырғанда анағұрлым көп. Сол үшiн жол құрылысы Оңтүстiк Қазақстан облысы үшiн күн тәртiбiнде тұрған өзектi мәселенiң бiрi деуге болады. Оның үстiне, экономиканы көтерудiң басты тетiктерiнiң бiрi ретiнде сапалы жол айтылады. Өйткенi, тақтайдай тегiс жолдар жылдам қозғалысты, мобильдi болуды қамтамасыз етедi. Ал, қазiргi заманда дамыған елдердiң көшiнен қалып кетпеу үшiн бұл өте керектi нәрсе.

Сонымен, ресми деректерге үңiлсек, тәуелсiздiк алған жылдан бүгiнге дейiн облыста 9176,5 шақырым жол жөнделдi. Жалпы, Оңтүстiкте автомобиль жолдарының ұзындығы 20 987,3 шақырымды құрайды. 1991 жылдан 1999 жылға дейiн жаңа жол салуға мемлекеттiк бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмады. Тек ағымдағы жөндеу жұмыстарымен ғана шектелетiн. 2000 жылы Үкiметтiң қабылдаған арнайы шешiмiнен соң тиiстi қаржы бөлiнiп, жағдай дұрыстала бастады. 2003 жылы мемлекет қазынасынан бөлiнетiн қаражат көлемi ұлғайып, 144,1 миллионнан 748,5 млн. теңгеге өстi. Тәуелсiздiктiң елге тигiзген тағы бiр пайдасы сол, 1999 жылы Елбасы Н.Назарбаев Мақтаарал ауданы мен Шымкент қаласын жалғайтын Қызыләскер–Киров автомобиль жолын салу туралы шешiм қабылдады. 2001 жылдың желтоқсанында аталған көлiк дәлiзiнiң құрылысы аяқталды. Осы игi шараның арқасында жолаушылар үшiн Мақтаарал ауданына Өзбекстан республикасы арқылы қиналып қатынайтын күндер артта қалды. Бұл жолды салу үшiн қазынадан 3,2 млрд. теңге жұмсалды. 53 шақырымды құрайтын және 640 метрлiк бес көпiр каскадынан тұратын Қызыләскер–Киров автомобиль жолы елiмiздiң көлiк тасымалы мүмкiндiгiн едәуiр кеңейттi.

2009–2013 жылдары бiрнеше iрi жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, Арыс қаласы маңындағы Көксарай су реттегiшiн салу барысында бұзылған облыстық маңызы бар 36 шақырым жол қайта қалпына келтiрiлдi. Сонымен бiрге, Бәйдiбек ауданында «Қошқарата–Кеңсай–Жамбыл облысының шекарасы» жолының 15,8 шақырымының құрылысы жүргiзiлдi. Шардара қаласында Сырдария өзенiнiң үстiнен көпiр салынды және дәл осындай көпiр Сырдарияның өзге аймағынан да бой көтердi. Бүгiнде ол Отырар ауданындағы Балтакөл елдi мекенi мен Түркiстан қаласын бiр-бiрiне жалғап тұр.

1991 жылы автомобиль көлiгiмен 258 млн. жолаушы тасымалданса, 2015 жылы бұл көрсеткiш 2 млрд. 345 млн. жолаушыға көбейген. Өздерiңiз байқағандай, көлiк тасымалы өскен сайын жолдың да сапасы соған лайық болуы керек. Сондықтан «Оңтүстiк Қазақстан облысының 2016-2020 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасына» сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың техникалық жағдайын 2020 жылға қарай 65,1 пайызға жақсарту көзделiп отыр. Алайда, биылдың өзiнде бұл меженi 64 пайызға жеткiзу жоспарда тұр. Сол үшiн де алдағы жылдары жолдардың сапасы анағұрлым жақсара түсуi тиiс.

"Оңтүстік Қазақстан".

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары