$ 441.44  473.09  4.75

Тәуелсіздкке 25 жыл: оңтүстікте егістік алқабының аумағы еселеп артты

Тәуелсiздiктiң ширек ғасырында ауыл шаруашылығы саласында толағай табыстарға қол жеткiздiк. Ауыл шаруашылығын реформалау егемендiк алған жылы бастау алды. Осының нәтижесiнде бұрынғы ұжымшар-кеңшарлар таратылып, аграрлық сектор нарықтық қатынастарға көштi. 1999 жылы ауыл өмiрiнде түбегейлi өзгерiстер орын алды. Шаруаның мүлiктiк пайы мен шартты жер үлесiне құқық беретiн куәлiк арқылы ұжымдық меншiк қалыптасты. Ауыл азаматтарының көзқарасы өзгерiп, нарықтық жағдайларға бейiмделе бастады. Нағыз жер иесi ретiнде жеке шаруа қожалықтарын құрып, қалауларына қарай өндiрiстiк кооперативтерге, акционерлiк қоғамдарға, түрлi серiктестiктерге бiрiктi. Осынау реформаның нәтижесiнде ұжымшар-кеңшар, мемлекеттiк шаруашылықтар базасында 20 мыңнан астам дербес ауыл шаруашылығы құрылымдары пайда болды. Бүгiнде олардың саны 70 мыңнан асады. Бұл – өзге өңiрлермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткiш.

Соңғы жылдары өнiмдерден рекордты көрсеткiштерге қол жеткiзуiмiз – шаруалардың төккен терiнiң өтеуi. Екiншi жағынан облыстың климаттық жағдайы мақта, көкөнiс, бақша дақылдары мен жемiс-жидектердi өсiруге қолайлы. Әрi жайылымдарды жыл бойына азықтық база ретiнде қолданып, мал шаруашылығын қарқынды дамытуға зор мүмкiндiк бар.

Ағымдағы жылды ауыл шаруашылығы еңбеккерлерi үлкен көрсеткiштермен қорытындылап отыр. Егiн шаруашылығына келсек, биыл 788,6 мың гектарға дақылдар егiлдi. Өткен жылмен салыстырғанда егiстiк көлемi 12,8 мың гектарға артты. Оның iшiнде жемiс-жидек пен жүзiм 30 мың гектарға егiлдi. Қарқынды бау көлемi 2,1 мың гектарға жеттi. Ағымдағы жылы дәндi дақылдардан орташа түсiмдiлiк гектарына 26 центнердi құрап, Қазақстанның тәуелсiздiк кезеңiнен берi болмаған рекордты өнiм алдық. Нәтижесiнде қамбаға 676 мың тонна астық құйылды. Сонымен қатар, көкөнiстен – 963 мың тонна, бақшадан - 1 млн. 413 мың тонна, картоптан – 277 мың тонна, жемiс-жидек – 126 мың тонна, жүзiмнен 63 мың тонна өнiм жиналды. Бiр қуанарлығы, түскен өнiм көлемi жылдан-жылға ұлғайып келедi. Осыған қарай сапасы да жоғарылай түсуде. Өйткенi, нарықтық экономикада табыстың көзi сұраныста екенiн түсiнген шаруалар оны ұдайы арттырып отыру өнiмнiң сапасына байланысты екенiн бiледi.

Республикада өндiрiлетiн мақтаның – 100 пайызы, жүзiмнiң – 65 пайызы, бақшаның – 66 пайызы, мақсарының – 40 пайызы, жемiс-жидектiң – 31 пайызы, көкөнiстiң 24 пайызы бiздiң облыстың еншiсiнде. Сондықтан Оңтүстiктiң бүкiл республика тұрғындарын отандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен қамтамасыз етуге толық мүмкiндiгi бар.

 Соңғы үш жылда жердi жаңа әдiспен игеру жұмыстары жүргiзiлуде. Ағымдағы жылы терең қопсыту технологиясы 86 мың гектарға енгiзiлдi. Мақтадан гектарына орта есеппен 26–27 центнер өнiм алынса, терең қопсыту технологиясын енгiзген шаруашылықтар гектар берекелiлiгiн 40–45 центнерге бiр-ақ арттырды. Аталған технологияның топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиiмдiлiгiн ескере келе, оны басқа да дақылдар мен тәлiмi жерлерге қолдану ұсынылды.

Облыста 463 мың гектар суармалы жер бар. Суармалы жердiң көлемiн ұлғайту iс-шарасы нәтижесiнде 2012–2016 жылдары 86,4 мың гектар жер жаңадан айналымға қосылды. Биыл суармалы егiстiк көлемi 5,2 мың гектарға артып отыр.

 Ағымдағы жылы 533 шақырымды құрайтын 47 су нысанын қалпына келтiру үшiн облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлiнiп, осыған орай тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде. Алдағы уақытта каналдар жөнделiп бiтсе, 30 мың гектар жердiң ирригациялық жүйесi жақсарып, қосымша 1,5 мың гектар суармалы жер айналымға қосылмақ.

Суармалы егiстiктердi ұлғайту мақсатында екi iрi инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Қызылқұм алқабын игеру арқылы Отырар ауданы мен Арыс қаласына қарасты 60,5 мың гектар жердi суармалы егiстiкке айналдыруға мүмкiндiк тумақ. Жаушықұм алқабына канал тартылса, суармалы егiстiк көлемi 15,2 мың гектарға арта түседi. Аталған жобаларды iске асыру үшiн 72,6 млрд. теңге қажет. Осыған байланысты 2017-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк су ресурстарын басқару бағдарламасы шеңберiнде Үкiметке арнайы ұсыныс жолданды. Жасыратын несi бар, жеңiлдетiлген несиелер мен лизингтiк бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер жаңа техникалар мен құрал-жабдықтарға қол жеткiзуде. Соңғы үш жылда шаруалар тарапынан 2,6 мыңнан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның iшiнде әйгiлi «Джон дир», «Челенджер», «Сампо Лев», «Вектор» комбайндары бар. Айта кетерлiгi, 2010 жылы мақтаның 7 пайызы комбайнмен терiлсе, бүгiнде бұл көрсеткiш 65 пайызға жетiп отыр.

Тамшылатып суару әдiсi 50,4 мың гектарға енгiзiлген. Республика бойынша Оңтүстiктiң мұндағы үлесi 73 пайызды құрайды. Осы технологияның арқасында су шығыны 3-4 есеге үнемделiп, көкөнiстер өнiмдiлiгi 3 есе, жемiс-жүзiм 1,5 есеге, мақта 2,5 есеге ұлғая түстi. Жылыжайлар көлемi облыста 1 116 гектарға жеттi. Бұл – республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы бiздiң өңiрде орналасқан деген сөз. Осы кешендердiң есебiнен бүгiнде 140 мың тонна көкөнiс өндiрiлдi. Орташа түсiмдiлiк гектарына 1800 центнердi құрайды.

Дерек пен дәйек:

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылымен салыстырғанда майлы дақылдардың егiс көлемi 73,0 мың гектардан 80 мың гектарға, бақша 49,0 мың гектардан 59,0 мың гектарға, көкөнiс 27,0 мың гектардан 40,4 гектарға, картоп 9,0 мың гектардан 15,3 мың гектарға артты. Мұндай жетiстiкке егiн шаруашылығы бойынша жүргiзiлген әртараптандырудың арқасында қол жеткiзiлiп отыр. Сәйкесiнше, егiс көлемiмен қатар алынған өнiм көлемi де ұлғайды. 1991 жылы облыс бойынша 163,4 мың тонна көкөнiс, 127,0 мың тонна бақша, 50 мың тонна картоп өндiрiлсе, биыл 9630,0 мың тонна көкөнiс, 1413,0 мың тонна бақша, 277,0 мың тонна картоп жиналды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары