$ 448.15  483.46  4.86

«Болашақты нұрландырған Тәуелсіздік!»

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі ОҚО Шардара ауданындағы Достық ауылында жоғары деңгейде аталып өтті. «Болашақты нұрландырған Тәуелсіздік!» тақырыбымен өткен мерекелік іс-шарада ауылдағы Мәдениет үйінде ауылшаруашылығы өнімдері, «Достық» орта мектебі мен «Әсел» балабақшасының ұжымы қолөнер бұйымдарын көрмеге қойысты. Сонымен бірге, осы күні ауыл тұрғындары жерлестері, білікті дәрігер Жақсыбек Қосақовты еске алуға арналған спорттық жарыстарды тамашалады.

Салтанатты шарада аудан әкімі Арман Абдуллаев құттықтау сөз сөйлеп, 25 жылдың ішінде елміздің басып өткен жолдары мен қол жеткізген жетістіктеріне шолу жасады. Арман Айдарұлы ауданның ең шалғайында орналасқан Достық ауылындағы жүзеге асып жатқан шаруаларды да қамтып өтті. Ауыл тұрғындарының қуаныштарына ортақтасқан аудан әкімі жеке кәсіпкер азамат, туған жеріне әрдайым қайырымдылық іс-шараларын жасап жүретін Бекжан Жақсыбекұлын «Алғыс хатпен» марапаттады.

Ауыл әкімі Толыс Батыршаев ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан азаматтарға ел алдында сый-сияпат жасады. Атап айтар болсақ, Достық ауылы бойынша «Үлгілі үй» номинациясына ауыл тұрғыны Екатерина Иосифқызы, «Үлгілі мекеме» номинациясына ауылдағы «Мәдениет үйі» мекемесі (қызметкері Қыстаубай Бастаров), «Көрікті көше» номинациясына Қазыбек би көшесі лайық деп табылса, ауылға демеушілік жасап жүретін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Мүсәлиев, жеке кәсіпкер Нұргүл Нысанбаева, үздік диқаншы Абайбек Тұрғанбаевтар ауыл әкімінің «Алғыс хаттарына» ие болысты.   

Мереке барысында Досбол Бастаров, Перизат Балғынбаева, Ерқанат Орынтай, Бекбол Халбеков есімді әншілер мен «Шұғыла» би тобының бишілері өз өнерлерін көрсетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары