$ 480.55  533.75  5.36

Көкшетауда әріптесінің қолынан өлген полицейдің өртенген тергеу құжаттары табылды

Көкшетауда әріптесінің қолынан айуандықпен өлген полицей Дархан Еламанов жер қойнына берілді. Ал қайғыдан қан жұтқан ағайын-туыс тергеушілердің дәйегіне мүлдем сенбей отыр деп жазады KTK. Бұған дейін қанды қылмысқа екеуара келіспеушілік себеп болғаны айтылған. Себебі лейтенанттың қолында маңызды тергеу құжаттары болған екен. Соның көзін құрту үшін істелген әрекет дейді Еламановтың жақындары.

Дархан Еламановты күллі Красный Яр ауылы жоқтап жатыр. Асқан  қатыгездікпен өлтірілген әріптесін соңғы сапарға шығарып салуға облыстық Ішкі істер департаментінің басшыларына дейін келген. Көңіл айтып қайғыға ортақтасқанымен, ұлдарынан айрылған отбасының жүрекке түскен жарасын жаза алмайтыны түсінікті.

27 жасында өмірі қиылған Дархан Еламанов бір шаңырақтың кенжесі, үкілеген үміті, досқа адал, жұмыста ұқыпты болатын дейді жақындары. Аға лейтенанттың еңбекқорлығын бағалаған Көкшетау қаласының Ішкі Істер басқармасы жақында оның қызметін өсіруді ойластырып жүрген екен.

Бірақ, Еламанов сол мақсатына жетемін деп талпынған жігіт желтоқсанның 25-і күні кезекшіліктен шыққан соң, ізім қайым жоғалып кеткен еді. Кейін бір гәптің барын сезіп, Дарханды жабылып іздеген жақындары екі күннен кейін өлі денесін қала шетіндегі Кенесары ауылының маңынан тапқан. Күдіктіні ұстау үшін полицейлер марқұмның ұялы телефонын тексеріп, соңғы рет кімдермен сөйлескенін анықтапты. Сөйтіп, Еламановты өзінің әріптесі, 32 жастағы майор Жәнібек Баймұрзин басынан атып өлтіріп, қарға көміп кеткені белгілі болып отыр.

Нұрбек Еламанов, марқұмның ағасы:

- Оны үйінен ұстаған.  Қысымға алған соң айта бастаған. Тергеу кезінде одан Дарханның неке жүзігін, қызметтік тапаншасын, құжаттарын тапқан. Кейін мәйіттің қайда екенін айтып беріпті.

Қазір майор қамауға алынып, бірнеше сараптама тағайындалған. Әзірге, қылмыс екеуара келіспеушіліктен болған деген болжамдар айтылуда. Бірақ, марқұм аға лейтенанттың жақындары бұған сенбейді. Қылмыс болған жерден Дархан Еламанов жүргізген маңызды тергеу құжаттары өртелген дейді олар. Сондықтан істің ақ-қарасын анықтап,  кінәлі қатаң жазалансын деп отыр. Ал,3 ай бұрын  ғана шаңырақ көтерген 27 жастағы марқұмның артында аяғы ауыр әйелі қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары