$ 444.22  476.38  4.82

«Баланың әлсіз емес, мықты қабілетін шыңдау керек» – профориентолог маман

Бала сұраныстағы мамандықтарға емес, сұраныстағы маман болуына бейімделу керек.
© Коллаж: Кристина Савельева
© Коллаж: Кристина Савельева

Заман дамыған сайын түрлі жаңа мамандық атауларын естіп жүрміз. Деректерге сүйенсек, қазір әлем бойынша 50 мыңға жуық мамандық бар екен. Таңдау жасау балаға емес, тіпті ересек алдамның өзіне қиынға соғады. Сондықтан болар, қазір мамандық таңдауға көмектесетін арнайы мамандар да бар. Профориентолог деген кім, мамандық таңдауға қалай көмектесе алатынын білу үшін ҚР Профориентологтартар ассоциациясының төрайымы Жадыра Тойбаймен сұхбаттастық. 

- Қайырлы күн, Жадыра ханым! Профориентолог деген мамандықтың бар екенін біреу білсе, біреуі білмес. Сондықтан, алғашқы сұрағым, профориетолог деген кім? 

- Профориентолог – мамандық таңдауға немесе мамандығын ауыстырығысы келетіндерге көмектесетін кәсіби маман, кәсіптік бағдар беруші. Профориентолог баланың қабілетіне, психологиялық портретіне, темпераментіне сай келетін мамандықты табуына көмектеседі. Ол арнайы консультация, тест өткізу және бір баламен бірнеше рет жұмыс істеу арқылы бағдар бере алады. Бір сөзбен айтқанда, профориентолог бала өмірінде маңызды таңдау – мамандық таңдауда жаңылыспайтындай, жақсы дамыған қабілетін дұрыс анықтай алатын маман.

 - Біздің қоғамда бұл мамандық иесі қаншалықты танымал, елімізде сұранысқа ие бола бастағанына қанша уақыт болды?

- Жалпы бұл маман иелері бұрыннан бар, бірақ, басымдық берілмегендіктен бұл саланы көпшілік біле бермейді. Соңғы бірнеше жылдан бері ата-аналар, балалар да профориентолог деген кім, немен айналысады деген сияқты ақпаратпен таныс болып, әлеуметтік желі арқылы мамандардың көмегіне жүгініп жатады. Біздің елімізде соңғы жылдары қатты белең алып келе жатыр. Мамандық таңдауға көмектесетін мамандар оқып, көбейіп жатыр. Биылғы оқу жылынан бастап әр мектепте психолог сияқты, профориентолог маманы да жұмыс істеу керек деген ереже енгізілді. Қазір мектептер, ҰБТ-ға дайындау орталықтары, баланы дамыту орталықтары арнайы профориентолог маманын алып, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өкінішке қарай, профориентогтардың барлығы кәсіби маман деп айта алмаймыз. Бұл мамандық біздің елімізде ешқандай жоғары оқу орындарында кәсіби түрде оқытылмайды. Сондықтан өз бетінше онлайн курстарды немесе Ресейдің курстарын оқып, тәжірибе жинақтап жүрген мамандар жұмыс істеп жатыр.

- Кәсіби маманның көмегіне жүгінетіндер көп пе? 

- Иә, күннен күнге артып келе жатыр. Сыныпта бір баланың ата-анасы маманға жүгініп, баласының бағыт-бағдарын анықтап жатса, соны есту арқылы басқа да сыныптастыры, олардың ата-аналары келіп жатады. Қазір әлеуметтік желі арқылы адамдар ақпарат алып, ізденіп, мамандарды тауып жатады. Менің өзіме бір күнде консультацияға екі адамнан жазылады, 10 шақты адам тест алып жатады. Қазір ата-аналар тарапынан баланың болашағына бей-жай қарамау, мамандық таңдауына балаға өз еркін беру, таңдау құқығын беру көбейіп келеді. 

- Мамандық таңдауға бала неше жасында саналы түрде дайын болады? 

 - Баланы мамандық таңдауға кішкентай кезінен бастап бейімдеу керек. Бейімдеу 7-сыныптан басталады. Біздің елімізде көптеген кәсіби мамандандырылған мектептер спорт, өнер, Дарын, НЗМ, ҚТЛ 7-сыныптан қабылдайды. Математика, жаратылыстану немесе гуманитария ма, спорт, өнер болсын, қай салаға қабілеті жоғары болса, соған қарай баулиды. Яғни, бала осы жасқа келген кезде қабілетін өзі де түсінеді, ата-анасы, ұстаздары да байқай бастайды. 

Сол себепті баланы 6-сынып бітіргеннен кейін егер бір салаға бейім болса, ол баланы жоғарыда айтқандай арнайы мектептерде оқыту керек. Ал ол мектептерге барлық қазақ баласы сыя бермейді ғой. Сондықтан, орта мектепте оқыса да, қазір онлайн, офлайн үйірмелер көп, соларға қатыстыру керек. Мысалы, бала суретке бейім болса, өнер үйірмелеріне қатыстыру керек. Міне сондай балалардан суретші, дизайнер, архитекторлар өсіп шығады. Айтарым, баланы 7-сыныптан бастап мамандық таңдауға бейімдеу керек. Ол 9-сыныпқа келгенде болашақ мамандығын нақты білу керек. Профориентологтар ол мамандық қайда оқытылады, қандай бейіндік пән тапсырады, қанша грант бөлінеді, болашақта қандай жұмыс істей алады және қанша табыс таба алатыны туралы толық мәлімет табуға көмектеседі.

Профориентатордың сыры неде? Мамандықты таңдауға қалай көмектесесіздер? 

Біз консультация арқылы көмектесеміз. Бір мезетте бірнеше адамға көмектесуге болмайды. Әр адамға индивид болғандықтан, әртүрлі қабілетпен дүниеге келеді. Баламен сауалнама жүргіземіз, сол арқылы психолгиялық портретін анықтаймыз. Бала интроверт па экстроверт па, көпшілікпен істейтін немесе жеке атқарылатын жұмыстарды жақсы көре ме осындай ерекшеліктерге байланысты. Жан-жақты тест алу, сұхбаттасу арқылы нәтиже шығарамыз.
Профориентолог ешқашан нақты бір мамандықты, осыны таңда деп айтпауы керек. Мамандық таңдау  дегеніміз – таңдауға құқық беру. Біздің елімізде 200-ге жуық мамандық болса, сай келетін 3-4 мамандықты ұсынамыз. Баланың өзі соның ішінен өзіне ұнағанын таңдайды. 

 - Мамандығын ұнатпайтындар, жұмысын ұнатпайтындар профориентологқа бармағандықтан қателескен бе? Себебі неде деп ойлайсыз? 

 - Иә, мамандық таңдауда қателескендер туралы көп естиміз. Статистикаға сүйенсек, дипломындағы мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің саны 70 пайызға жеткен. Бұл дегеніміз, басынан мамандықты дұрыс таңдамауында. Мамандығымыз – өміріміздің үштен бір бөлігін құрайды. 24 cағатың 8 сағатын жұмыста өткіземіз. Сол жұмыс арқылы табыс тапқандықтан, мамандықтың ең бірінші адамның өзіне ұнауы керек. Ұнаған сайын жұмысы нәтижелі, сейкесінше табысы да жақсы болады. 

Бізде 11-сыныпты бітіріп, ҰБТ тапсырып, құжаттарын тапсырар кезде өмірлік мамандығын бір аптаның ішінде таңдайды. Қай мамандықта грант көп болса, соған түсіп алады. Одан кейін университеттегі сабақтар ұнамайды, оқығысы келмейді, салдарынан оқудан шығып жатады. Бітірсе де, жұмыс істегілері келмейді. Бұл қоғам үшін қауіпті, яғни сол сала дамымайды, оқу бітірген маман өз еңбегін сіңірмейді. Бала сұраныстағы мамандықтарға емес, сұраныстағы маман болуына бейімделу керек. 

 - Ата-аналарға айтар қандай кеңесіңіз бар?

- Әрбір оқушы – біздің болашағымыз. Бала ата-анасына, ұстаздарына үміт артады, солардан көмек күтеді. Мектептегі ұстаздар баланың қабілетіне сай, ата-анасына балаңыз математикаға немесе гуманитариға жақын деп кеңес беріп жатады. Яғни, кәсіби педагог профориентолог сияқты оқушының қабілетін анықтай алады. Сондықтан, ата-аналар осындай кеңестерге құлақ асса дер едім. Бала математикадан әлсіз болса, баланы сол пәннен қосымшаға береміз. Ал, математикадан мысты болса, керісінше, біледі де, білімін шыңдауға мүмкіндік бермейміз. Бала әлсіз емес, мықты тұстарымен жарып шығады. Иә, әлсіз жағын да дамытыңыз, бірақ, баланың мықты қабілетіне акцент қоюды ұмытпаңыз. Балаңыздың қабілетіне қарай инвестиция құйсаңыз, болашақта соның еселенген қайтарымын көретін боласыз! 

 - Көп рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сұхбат