Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті төрт баланы өрттен құтқарып қалды деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Екі қабатты үйдің баспалдақ алаңында жалпы ауданы 2 шаршы метрді құрайтын аумақта электр қалқаны мен электр сымдары жанған. Өрт сөндірушілер жедел түрде оқиға орнына жетті. Үйдің кіреберісі қатты түтіндегендіктен тұрғындардың өміріне қауіп төнді.
Нәтижесінде, екінші қабаттағы пәтерден 5 адам құтқарылды, оның ішінде төртеуі бала.
Өрт сөндіру жұмысының негізгі бағытын дұрыс әрі тез белгілеудің арқасында өрттің жайылуына және қайғылы жағдайдың орын алуына жол берілмеді.
Елордалық өрт сөндіру қызметі қала тұрғындарын абай болуға және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.