5 қыздың әкесі балаларын сабаққа бермей, әйеліне никап кигізіп, үйде отыруға мәжбүрлеген. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай Facebook парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Елдің бәрі Астанада шулап жатқанда біз жат ағымның жетегінде кеткен жалғыз салафитпен алыстық.
Жаубиддин – 5 қыздың әкесі. Әйелі жоғары білімді магистратураны бітірген деседі. Қазір жан баласының көзіне түспей никап киіп үйінде отыр.
Мәселе, 5 қыздың үшеуі мектеп жасында (13, 10 және 9-да). Соңғы екеуі өмірі мектеп көрмеген. Әкесі 3 қызын 4 жылдан бері сабаққа бермей отыр. Үйден шығармайды. “Күні-түні Құран оқимыз, намазға жығыламыз. Далаға шықсақ, әкемнің көлігіне тез отырып мешітке ғана барамыз” дейді көздері жылтыраған қыздың бірі.
Дегенмен әкесі қағаз жағын қатырыпты. Қыздардың бәрі Ресейдің бір жеровосындағы түрлі мектептерде онлайн оқиды деген анықтамасы бар. Біз үшеуінің де анықтамасы жалған екенін анықтадық.
Елімізде қазір төтенше жағдай емес, онлайн оқуға заңмен тыйым салынған.
Иек астында отырған отбасының оқу-біліммен ойына келгенін істеп, балалардың құқын таптап отырғанын Алматы облысы Еңбекшіқазақ Ауданы, ҰҚК, прокуратура, полиция, ОДН, ИДН, білім бөлімі және әкім бізден естіді. Сонда КНБ-ның есебінде тұрған қоғамға қауіпті азаматты бақыламаса, біздің мемлекеттік құзырлы органдар басқа не істейді?» деп жазды ол.