86 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Бибіхадиша Рамазанова зейнетке шыққаннан бастап, әр жылдың Рамазан айында ораза ұстап, ауыз бекітеді. Ақ кимешекті ана осы жасына дейін екі рет қажылыққа барып, мұсылманның бес парызын орындап келген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әжей өмір бойы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен.
"1987 жылы зейнетке шыққаннан кейін Рамазан айына дайындалып, келесі жылы ораза ұстадым. Тағы бір-екі жылдан кейін намазға жығылдым. Ол кезде ондай ораза ұстамақ түгілі намаз оқитын адам болған жоқ. Әке-шешем діндар адамдар болды. Өмірден өткенше намаз оқып, құлшылық етті. Мұсылманшылық туралы көп айтып отыратын. Бала күннен көріп өскен соң құран оқудың жобасын білемін. Сол кісілердің рухы риза болсын деп, мақсатты түрде арнайы құран оқуды үйрендім", - дейді кимешек киген ана.
Қария әлі тың. Есік алдында өзі серуендейді. Төсегінің басында құран кітабы мен оның түсіндірмесі тұр. Бес уақыт намазды қаза қылмай, тасбих тартады. Бос уақытында сканворд шешуді әдетке айналдырған. Тағы бір ерекшелігі - естіген, оқыған, жақсы сөздерді қағазға түртіп отыруды әдетке айналдырған.
"Қазір намаз оқымауға қорқамын. Құран кітаптың араб тіліндегісін оқып, түсіндірмесінен аудармасын қарап аламын. Сыртқа шыққанда үнемі кимешек киемін. Тек үйде жай орамал тағамын. Үлкен кісінің үш қасиеті болады: мақтаншақ, ұмытшақ, өкпелегіш. Соның бәрі бар. Кейде балаларымның атын ұмытып қалып жатамын. Балаларым мен немерелерімнің бәрінің де аузы берік", - деді әжей.