$ 498.34  519.72  4.85

Б.Сапарбаев құрылыс саласының жемқорлыққа батқанын ашып айтты

Ақтөбе қаласында 14 нысанның құрылысы ұзақ жылдан бері аяқталмай тұр. Қонақ үй, автосалон, тұрғын үйлердің құрылысы басталып, кейін иесі шетел асып кеткен. Нысандарды кері қайтаруға жергілікті биліктің күші жетер емес. Қадағалаушы қызметкерлердің жұмысын сынаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс саласын жемқорлық жайлағанын ашық айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Ақтөбе облысындағы «сақалды құрылыстардың» жұмысы әлі тұралап тұр. Қаланың орталық көшесіндегі «Космос» қонақ үйінің иесін заң аясында жазалаймыз деп ойлаған облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы оны уысынан шығарып алды. Құрылыс иесі шетел асып кеткен.

«14 нысан әлі күнге дейін тоқтап тұр. Тең жартысында құжаттары жоқ. Деректерге қарасам, жер телімі қай жылы берілді, құрылыс қашан басталды деген сұрақтарға жауап берілмеген. Осыдан 10 жыл бұрын басталған құрылыс біту қажет еді. Неге құқық қорғаушыларға, прокуратураға бармаймыз? Егер құрылыс ондаған жылға созылса, не үшін оған жобалық-сметалық құжат, сараптама жасайды. «Космос» қонақ үйін қара дедім. Сендер өйтіп-бүйтіп жүргенде иесі қашып кетті. Бітті, барлығың жиналғанмен, таба алмайсыңдар. Бір әйел ұсталды, іске қатысы жоқ. Ол түрмеде отыр, түгі де жоқ. Бәрін білеміз. Сендер ұйықтап отыратын болсаңдар, солай болады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

2016 жылы Ақтөбеде құрылыс қызметінің сапасын бақылау мақсатында жоспардан тыс 190 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 108 субьект әкімшілік жауапқа тартылып, 21 миллион теңге айыппұл салынды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовтің айтуынша, өңірде жылына 40-50 миллиард теңгенің құрылысы жүргізіледі екен. Есептегенде салынған айыппұл көлемінің тым аз екені анық. Басқарма басшысы шағын және орта бизнесті тексеруге рұқсат жоқ екенін алға тартты. Дегенмен, ереже бойынша құрылыс маманы кез келген жұмыстың сапасын бақылауға мүмкіндігі бар.

«Неге үйлер құлап жатыр? Себебі, техникалық, авторлық қадағалау қызметі жүргізілмеген, жобалық-сметалық құжаттағы талаптардың барлығы пысықталмаған. Екі жауапты қызметкер күнде құрылыс басында жүретін болса, үйлер құламас еді. Менің ойымша, нағыз жемқорлық осы жерде. Барлығы келісіп алған. Тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы, сараптамашы. Техникалық, авторлық қадағалаушылар жалақы алғанда айына бір рет құрылыс жұмыстарымен танысып, алғанына мәз болып жүреді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

«Кейін қазақша айтқанда, «әкесін танытып» айыппұл салса, олар ештеңе істей алмайды. Сенің айыппұлың 40-50 мың теңгеден аспайды. Қалтасынан ұрса, олар жұмыс істейді» деп кемшіліктерді жою үшін нақты тапсырма берді әкім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары