$ 474.72  515.17  5.58

Бішкекте жетім қалған Жақшылықты қазақстандық отбасы асырап алуға ниет білдірді

Қазақстандық Наталья Хегай Бішкектегі ұшақ апаты кезінде тұл жетім қалған Жақшылық есімді 7 жасар баланы асырап алуға ниеттеніп отыр. Күйеуі екеуі әбден ақылдасып, осындай шешімге келіпті. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазып, көпшіліктен Жақшылықтың туыстарын іздеуге көмектесуді сұрап отыр.

"Жақшылықтың тағдырының қалай боп жатқанынан хабардар болуға көмектесіңіздер. Жазбалардың бірінен оқығанымдай, оның қарт әжесі ғана бар екен. Ал, әпкесінің төрт бірдей баласы бар, Жақшылықты қайда апаратынын білмей жатқан көрінеді. Ал, біз күйеуіміз екеуміз оны асырап алғымыз келеді, баламыз да інілі болғанына қуанар еді", - деп жазды Н.Хегай әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, отбасылық талқылаудан кейін үйдегі жалғыз ұл Жақшылықты асырап алу бастамасына қарсылық білдірмей, керісінше қуанышты екенін айтқан.

"Бұл әбден талқыланған, таразыланған шешім. Әрине, оның өз туыстары арасында болғанын қалайтынын түсінеміз. Сондықтан, алдымен оны өзіміздің ұлмен достастырғымыз келеді", - дейді Хегай.

Естеріңізге салайық, 16 қаңтар күні Бішкектегі Манас әуежайына қонбақ болған жүк тасымалдаушы ұшақ елдімекеннің үстіне құлаған болатын. Салдарынан 38 адам қаза тапты. Олардың басым көпшілігі ауыл тұрғындары, 13-і кішкентай бала болса, екеуі жүкті әйел болған. Осы апаттың кезінде Жақшылықтың ата-анасы және екі қарындасы қайтыс болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары