Алматының халыққа қызмет көрсету орталығына уақытша тіркеуге келіп көз жұмған азаматтың отбасына мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген деп мәлімдеді "31 арна". Тіпті, ресми орындардан бір де бір жан отбасына келіп көңіл айтпапты. Артында екі баласы мен жары қалған марқұмның туыстары кеше ғана оны жер қойнына тапсырды.
Уақытша тіркеуге келіп кезекте тұрған Жарас Нүркебайұлы қайтыс болардан бес минут бұрын әйеліне хабарласыпты. Басы ауырып, өзін жайсыз сезінгенін айтып үйге қайтпақ болған. Жары Інжугүл "уақытша тіркеуге асықпай-ақ барармыз" десе, "айыппұл салса төлеу қиын болар, тезірек тіркелейік" деп орталыққа ерте барған екен. Дәрігерлер айтқан эпилепсия сырқатымен ауырмаған, сап-сау азамат еді дейді жақындары.
НҮРКЕБАЙ ҚОНҚАҚОВ, марқұмның әкесі:
- Ешқандай ауруы жоқ еді. Аяғынан тік барды ғой. Ауырған жоқ, есепте жоқ, денсаулығы мықты жігіт еді. Ірі.
ІНЖУГҮЛ КАЛИМБЕТОВА, марқұмның жары:
- Ешқандай ауруы жоқ, бұдан 4-5 жыл бұрын грыжа болған омыртқасынан, бірақ емделіп жақсы болып кеткен. Ауыр жұмыс істемейтін, қазір күзетші болып жұмыс істейтін.
Азғантай айлығын айыппұлға беруге қорыққан азамат өз әкесінің үйіне тіркеуге тұрмақ болған. Үлкен үйге жапсарлас салынған осы шағын баспанада отбасымен күн кешкен екен. Өз қолында жан тапсырған ұлының өліміне 80-дегі қария заң шығарушыларды, жағдай жасалмаған тіреу орталығын кінәлайды.
НҮРКЕБАЙ ҚОНҚАҚОВ, марқұмның әкесі:
- Әлбетте, кінәлаймыз. Билік халыққа қызмет істеу керек қой. Адал қызмет істеу керек, халықтың жағдайын ойлау керек, халықпен кеңесу керек. Бірден заң шығару - ұят қой бұл. Қылмыс қой бұл, айналайындар-ау!
"Ұлымның қазасына кім жауап береді" деген қария билік өкілдерінің еш назар салмағанына күйінеді. 80 жастағы Нүркебай ақсақал әкесіз қалған екі немересін қамқорлығына алыпты. "Тіркеуге келіп жан тапсырғандар отбасына көмек болады ма" деген сауалымызға республикалық "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы ресми жауап беруден бас тартты.