$ 498.34  519.72  4.85

11 жасар Өркенді өлтірту үшін өгей шешесі 100 мың теңге төлеген

Алматыда 11 жасар Өркен Азаматұлының өліміне қатысты күдікті ретінде өгей шешесімен бірге өгей бауырлары да ұсталып отыр. Әйелдің үлкен ұлы мен қызы және тағы екі сыбайласы бүгінде қамауға алынған деп хабарлады Алматы қалалық ішкі істер департаменті.

"Аталған іс бойынша 5 күдікті тіркелді: баланың өгей шешесі, ол әйелдің бірінші күйеуден туған екі баласы (ұл мен қызы) және ұлының таныстары. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-тармағы "Адам ұрлау", 99-бабы 2-тармағы "Алдын ала сөз байласу арқылы кәмелетке толмаған баланы өлтіру" бойынша іс қозғалды. Баланың өгей шешесі 1980 жылы туған. Оның бірінші күйеуінен 1995 және 1997 жылы туған ұлы және қызы бар. Белгілі болғаны, қайтыс болған бала үнемі әжесімен бірге тұрған", - деді Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Өркен жоғалған кезде дәл осы әжесі дабыл қағып, полицияға арызданғанын айта кету керек. Өйткені, оқушы бала ешқашан теріс қылық танытпаған екен.

"19 қаңтар күні кешкі сағат 19:37-де әжесі полицияға арызданып, артынша тәртіп сақшылары баланы компьютер клубтарынан, сауда үйлерінен іздей бастады. Кейінірек анықталғандай, күдікті әйел күйеуімен және енесімен бұған дейін жанжалдасқан екен. Өгей баласын өлтіру үшін ол Шымкенттегі 1995 жылы туған ұлын алдыртқан. Ол болса өзінің досын ерте келген, жолай көлігі бар тағы бір танысын ертіп алыпты. Әйелдің 1998 жылы туған қызы да бұл қылмыстың әзірленіп жатқанын алдын ала білген. Әйел Өркеннің өлімі үшін ұлы мен оның досына 100 мың теңге беруге уәде етіпті. Осылайша, бір топ адам баланы бірнеше күн аңдып, оның мектептен үйіне қай жолмен қайтатынын зерттеген", - дейді С.Әзірбек.

19 қаңтар күні күдіктілер көлікпен Өркенге келіп, оны отырғызып алған. Өркен оларды жақсы танығандықтан еш күдіктенбепті. Ары қарай өгей бауырлары оны алдын ала жалданған саяжайға апарып, азаптап өлтірген.

Марқұмның денесі 22 қаңтарға қараған түні табылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары