Астанада атышулы Ерасыл Әубәкіровтің ісі қайта жалғасын тапты. Медакадемия студентін өлтірді деген айыппен алдымен шығысқазақстандық кәсіпкердің ұлы Аян Мейірбаев қамауға алынып, кейін ақталып шыққан болатын. Енді полиция оның туған әпкесін тергеуге кірісті деп жазады Tengrinews.kz.
Мейірбаеа жалған ақпарат берді деп айыпталуда.
"Астана қалалық ІІД-нің қарауында 2016 жылдың 18 қазанында тіркелген қылмыстық іс жатыр. Ол бойынша А.Мейірбаева ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабы 2-бөлімі "Жалған куәлік беру" және 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша айыпталуда", - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Министрлік мамандарының айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес, аталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жария етілмейді.
Естеріңізге салайық, 23 жастағы Ерасыл Әубәкіров өткен жылдың басында өлтірілген болатын. Оның мәйіті Аян Мейірбаевтың отбасына тиесілі көліктің жүксалғышында жатқан. Тергеу барысында белгілі болғандай, Аянның әпкесі көліктегі Ерасыл денесін көріп, полицияға хабар бермеген. Хабар бермей ғана қоймай, қардың астына апарып көміп тастаған.