ҚР Президентінің көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов елімізде соңғы жылдары жиілеп кеткен наразылық акцияларының себептерін айтып берді.
"Былтыр біз тұрғындардың сауалына сапасыз жауап берудің салдары қандай болатынын көрдік. Тұрғындар мардымды және түсінікті жауап ала алмағандықтан осындай қадамдарға барады. Оларға наразылық шараларын ұйымдастыруға тергеу жұмыстарының бастапқыдан нашар жүргізілуі себеп болды", - деді Жұмақанов бүгін Астанада өтіп жатқан Бас прокуратураның алқа отырысы барысында.
Ол әрбір жағдайды мұқият тергеп-тексеру керектігін айтып отыр.
"Мұндай акциялардың бірнешеуі прокуратура органдарының өз аумақтарында да орын алған болатын және қоғамда қызу пікірталас туғызды. Атап айтқанда, өзін өзі өртеу, аштық жариялау сынды фактілердің орын алғаны есте. Сіздердің қолдарыңызда қажетті құзырдың барлығы бар. Сондықтан, әрбір жағдайды мұқият тексеріп, қажет болса қатаң шаралар қолдану қажет", - деп атап өтті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы В.Жұмақанов.