Шымкенттегі үшінші энергоорталықтың газ тасымалдаушы мекеме алдындағы қарызы 2 млрд теңгеден асып жығылған. Соның салдарынан жергілікті тұрғындардың жылусыз қалу қаупі туындаған деп жазады Хабар-24.
Соған қарамастан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бұл жолы да энергоорталыққа тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Келісім бойынша кәсіпорын қаңтарда қордаланған қарыздың 600 млн теңгесінен құтылуы тиіс еді. Жылу беретін мекеме соның өзін толық қайтара алмаған. Кестеден кешігу жиілей берген соң көгілдір отын тасымалдайтын компания таяуда үшінші энергоорталыққа беріліп жатқан газға біршама шектеу қойды. Қазір қазандық қосымша мазут жағып отыр. Кәсіпорын қорында бір апталық қана сұйық отын қалған. Қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізген жергілікті әкімдіктегілер «қордаланған қарызды біртіндеп төлеу жөнінде келісімге келдік» деп отыр.
Талғат Қасымбеков, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Кесте бекітілген, сол кестеге сәйкес ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз. Кестеден сәл қалу жағдайына ол кісілер де түсіністікпен қарап, келесі айдың есебімен жабатын боламыз деп шештік. Қазір «ҚазТранГаз Аймақ» ешқандай шектеу қоймайтын болды.