Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде мәдени, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салушыларды «талғамсыз» деп айыптады. Бұл туралы «Қазақпарат» ХАА мәлімдеп отыр.
«Ауыл мен қалада тұрғызылатын білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарының ғимараты аула ішіндегі сарай сияқты. Еш идея жоқ, жобалаушылардың біліктілігі жетпейді». Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп, амбулатория, клуб құрылысы кезінде ескі әдістен арыла алмаған облыстық құрылыс және сәулет басқармасын осылайша сынға алды. Жобалау жұмыстары ескі әдіспен жасалғанын көрген өңір басшысыв құрылысшылар мен жобалаушыларды идеясы аз екенін айтып, өз ойы жетпесе интернеттен қарауды ұсынды.
«Медициналық амбулаторияның сырт келбетін қара. Тағы үш миллион қосып, жақсы нысан салуға болады. Мынау не, ауылдағы сарай сияқты бірдеңе. Біреуі қойма сияқты. Мәселен, Есет батыр атындағы спортта дарынды балаларға арналған спор кешенінің құрылысы 370 миллион теңгеден асады. Дұрыстап жасауға болады ғой. Ұялмайсыңдар ма, бүкіл облысқа көрсетуге. Меніңше, колхозда мұнан жақсы жасай алады. Ақылың мен фантазияң жоқ па? Осыдан 20-30 жыл бұрын салды, мұндай нысандарды. Сен оларды жалғастырып отырсың. Сендер құрылысшысыңдар, адамдар кез келген нысанды атауынсыз тануы тиіс. Солай жасау керек. Мәдениет үйі өнерге, мектеп, балабақша балаларға қызықты етіп салынуы керек. Ешкім басымен ойлағысы келмейді. Қандай адамсыңдар?»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жобаларды таныстыру кезінде қала әкімі Ілияс Испанов Астанада қорғап, нүктесі қойылған қаланың бас жоспарындағы аудан аты да Бердібек Сапарбаевқа ұнамай қалды. Қазіргі Батыс-2 ауданын «Ақтөбе Сити» деп атап, үшінші ықшамауданды салуы тиіс билік ойын күрт өзгертті. Сонымен, Батыс-3 ауданы 100 мың адамға шақталады. Жыл сайын 33 миллиард теңге салынып, Ұлттық қордан 19 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді деген жоспар бар. Республикалық бюджеттен 5, жергілікті қазынадан 9,5 миллиард теңге игерілуі мүмкін. Сөйтіп, қаланың орталығына, әкімшілік ауданға айналуы тиіс.