Қазақстан мектептерінің барлығына арнайы сөрелер орнатылатын болды. Онда оқушылар кітаптарын және жеке заттарын сақтай алады. Бұл туралы Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
"Біріншіден, әрбір мектеп оқушысы кітап, аяқ киім және спорттық киімдерін сақтауға арналған жеке сөремен қамтамасыз етілетін болады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Бұл жобаны біз мектеп директорларымен, СЭС мамандарымен және өрт сөндірушілермен ұзақ талқыладық. Аталған жоба бірқатар проблеманы шешеді, соның ішінде оқушы рюкзагын жеңілдетуге көмектеседі", - деді Е.Сағадиев министрлер кабинетінде өтіп жатқан жиын барысында.
Оның айтуынша, 2017 жылдан бастап жергілікті атқарушы биліктің есебінен мектептердің барлығында бастауыш сынып оқушыларына арналған сөрелер пайда болады.
Естеріңізге салайық, бұған дейін еліміздегі ата-аналар министр Сағадиевке балаларының рюкзактары тым ауыр екенін айтып шағымданған болатын.