$ 498.34  519.72  4.85

Қарағандыда өзіне қол салған бойжеткен "Көк кит" ойынының құрбаны болуы мүмкін

Қарағандыда 19 жастағы жергілікті тұрғынның өліміне қатысты тергеу ісі басталды. Полицейлер бұл істі "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бабы бойынша тіркеп отыр. Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

"Галина Сибирякованың өліміне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Барлық тергеу амалдары жүргізілуде", - дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.

Марқұмның туыстары Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында қыздың өліміне интернетте кеңінен тарап бара жатқан суицидалды "Көк кит" ойыны себеп болуы мүмкін екенін айтуда.

"Галина оқып жүріп аспаз жұмысын қатар істеп жүрді. Өте салмақты, ұяң қыз болатын, бұрын-соңды суицид жасауға әрекеттенбеген. Ол күні кеше - 6 ақпан күні қайтыс болды. Туғандарына ауыр соғып отыр. Біздің ойымызша, қыздың өліміне "Көк кит" ойыны себеп болуы мүмкін. Қазір біз бұл жайын тексеріп жатырмыз. Туғандарының айтуынша, Галия мен құрбысының арасында күдік тудыратын әңгімелер болған. Біз оны да тексереміз. Әрине, қызды енді қайтара алмайсың, бірақ оның өлімі аталған ойынмен байланысты болса өзге жастарды құтқарып қалуымыз керек", - дейді марқұмның туысы.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде "Көк кит" деген қауіпті ойынның пайда болғаны отандық БАҚ беттерінде хабарланған болатын. Жасөспірімдер арасында кеңінен таралған ойынның соңында адам өзіне қол салуы мүмкін. Ресейде пайда болған осынау ойынды қазір Қазақстан мен Қырғызстан жастары ойнауға кірісіп кеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары