$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбелік ана қала әкімінен букмекерлік кеңселерді жабуды жылап өтінді

Ақтөбелік ана қала әкімі өткізген кездесуге барып, букмекерлік кеңселерді жабуды өтінді. Оның айтуынша, бүгінгі күні жастар күндіз-түні ақша салып, құмар ойынға салынып келеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бүгін бөлім басшыларын жинап, Тахауи Ахтанов атындағы Драма театр ішінде қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау жөнінде халыққа алдын ала хабарланып, кездесу орны мен уақыты белгіленген соң, жер мен үй, зейнетақы мен жәрдемақы жайын айтуға келген жұрттың қарасы көп болды. Ал ақтөбелік ана басшылардың алдына келіп, жылап жіберді. Ол букмекерлік кеңселерді жабуды сұрады.

«Сіздер көп мәселені шешіп жатырсыздар, бірақ букмекерлік кеңселерді жабу керек. Жастардың бәрі сол жақта отырады», - деді ашынған ана. Әйелдің жанайқайын естіген қала әкімі Ілияс Испанов заңды түрде жұмыс істеп тұрған букмекерлік кеңселерді жабу қолдан келмейтін жұмыс екендігін айтты.

«Букмекерлік кеңселер мәселесі бір мезетте шешілмейді. Олар заң аясында ашылған. Қылмысы әшкереленіп, алаяқтық жасағандары анықталатын болса, полиция қызметкері шешеді»,- деді Ілияс Испанов.

Қала әкімі алдағы уақытта бір күнді қоғамдық қабылдауларға арнауды жөн көріп отыр. Жоспар бойынша, ертең ол халық алдында соңғы есебін беруі тиіс еді. Бірақ тұрғындардың сұрағы көп болғандықтан, есеп дүйсенбіге шегерілді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары