Белгілі журналист Асхат Ниязов не үшін қазақ тілінде сөйлей алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Айта кетейік, бір күн бұрын журналистің «Обожаю» YouTube-арнасында Ақтөбе облысындағы проблемалар туралы шығарылымы шыққан болатын. Асхат Ниязов облыс әкімі Ералы Тоғжановпен сұхбаттасқан еді.
Алайда Тоғжанов журналистің облыстағы проблемалар туралы сұрағына жауап берудің орнына Ниязовтың қазақ тілін білмейтінін «бетіне басқан» болатын.
Ақтөбеде бәрі қазақша сөйлейді. Ақтөбеде бірде-бір отырысты орысша өткізбейміз. Бәрі қазақ тілінде жүреді, - дейді Ералы Тоғжанов.
Журналист Ресейден жақын жылдары ғана келгенін айтып түсіндіреді.
Қазақ тілін әзірге білмеймін. Мен 23 жыл Ресейдің Омбы қаласында тұрғанмын. Сол қалада туып-өскенмін. 2013 жылы Қазақстанға көшіп келдім. Ата-анам да Омбы қаласынан. Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын, - дейді журналист Massaget.kz тілшісіне берген пікірінде.