Астана қаласында Министрліктер үйі маңайындағы көпірден әйел секірмек болды, деп жазады inbusiness.kz.
Дильмира Маймакованың баласының қамауда жатқанына жарты жыл болды. Оның баласын заңсыз 7 жыл 3 айға соттағалы жатыр. Бүкіл дәлелдің бәрін анасы апарып тұр, бірақ сот құлақ аспай жатыр. Прокурор, сот - бәрі бірігіп алған. Мына жақта қарапайым халықты ешкім тыңдап жатқан жоқ. Біз талай рет ол баланың сотына қатыстық. Қаншама әділетсіздікті көріп отырмыз. Қаншама инстанциялардың табалдырығын тоздырып, құжаттар тапсырдық. Оның ешқайсысын қабылдап не қарастырмады. Сол себептен Қазақстанда әділдік жоқ деп осындай қадамға барып отыр, - деді әйелдің құрбысы Адина Филипова.
Айтуынша, Дильмира Маймакованың қамаудағы баласы былтыр жерде жатқан белгісіз біреудің телефонын алған.
Кейіннен телефон иесі бірнеше күннен кейін қайтыс болады. Оның өлімін 18 жастағы екі баладан көріп отыр. Сол себепті қамаған. «Адам өлді, сендер өлтірдіңдер» деп далада қаңғып жүрген біреудің өлімін екі балаға жауып отыр. Дильмира Маймакованың 5 баласы бар. Қамауда отырғаны – ең үлкені. Ол 17 жаста болған кезде мойнына осы істі ілген. Қазір ол он сегізге толды. Оперлар ұстап алып, баланы заңсыз, ата-анасының қатысуынсыз сұрақтың астына заңсыз алған. Олар балаларды қорқытып, «қайтыс болған адамды ұрдық, қабырғасын сындырдық деп айтыңдар, содан кейін сендерді жібереміз» деген. Балалар амалсыздан мұны бейнежазбаға айтқан, - деді Адина Филипова.
Оқиға орнында болған «Қазақ өзбек диаспорасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі сот ісіне арала алмайтындарын жеткізді.
Біздегі мақсат – адам құқығын қорғау, оны шектемеу. Біздің тарапымыздан қажет көмекті көрсетейік. Мұндай заңсыздықтарға бармаңыздар, - деді «Қазақ өзбек диаспорасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Әлжан Қожа.
Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Ведомство мән-жайлар анықталып жатқанын айтты.