Семейде қоғамдық көлік қожайындары жергілікті биліктен жол ақысын көтеруді талап етуде. Тасымалмен айналысатын 6 бірдей автопарк пайдаға кенелмек түгілі шығынды ақтай алмай отырмыз дейді. Оған жанармай мен автобустың қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы себеп деп жазады КТК.
Сондықтан жол жүру құнын 60 теңгеден 110-ға көтеру жөнінде өтініш жасады. Жергілікті билік мұнымен келіскен жоқ. Ақыны бірден 50 теңгеге көтеруге негіз жоқ дейді әкімдіктегілер. Әрі Семейді Өскеменмен салыстыруға болмайды. Қазір облыс орталығындағы 90 теңге жол ақысының өзін семейліктердің қалтасы көтермейді. Өтініштері тектен-тек өтпейтінін түсінген автопарк иелері, ақырында автобус санын қысқартамыз деп айлаға басқанымен, ескерту алып тынды.
Марат Турубаев, Семей қаласының прокуроры:
-Таңертең мектепке баратын балалар, зейнеткерлер және жұмысшылар бар. Елдің бәрі жеке көлікпен жүрмейді. Сондықтан жұрт көшеде сағаттап автобус тосатын болса, жауапқа тартыласыздар. Тендерді ұтып алғаннан кейін, келісім-шартқа сәйкес міндетті орындау керек. Келіспесеңіздер сотқа беріңіздер.