Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев 2016 жылы атқарылған жұмыстарына есеп беру кезінде мәлімдеді деп жазады Strategy2050.kz.
Ә.Исекешев айтып өткендей, елорданың маңызды мәселелерінің бірі – адами капитал. Әлеуметтік қорғау халық арасындағы ең өзекті мәселе болып табылады.
«Елордада балалар саны жыл сайын шамамен 10%-ға өседі. Бұл туралы халықпен есептік кездесуде қала әкімі Әсет Исекешев мәлім етті. Қазіргі уақытта елордада 3 жастан ЖОО студенттеріне дейінгі балалар саны 258 мыңнан асады. Қалада 261 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар, соның ішінде: мемлекеттік 95, ведомстволық -2, жеке - 116, шағын орталықтар 48», - деді қала басшысы.
Ол айтып өткендей, 2016 жылы 79 мектепке дейінгі білім беру мекемесі пайдалануға тапсырылды, соның ішінде: 3 мемлекеттік балабақша, 44 жеке меншік балабақша, 32 шағын орталық. 46 мыңнан аса бала балабақша қызметімен қамтылған. Бұл - 70,6%, өткен жылы балалардың 64,5% қамтылған болатын.
«2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезекте тұрғандар саны - 33 240 бала. 2016 жылы балабақшаларды қаржыландыруға 8,6 млрд. теңге (2,5 жергілікті және 6,1 республикалық бюджет), 2017 жылы 9,9 млрд. теңге (2,9 жергілікті және 7,03 республикалық бюджет) бөлінді», - деді әкім.
Сондай-ақ, 2020 жылға дейін МЖӘ тетігі арқылы 138 жаңа жеке меншік балабақша ашылады, бұл балаларды толыққанды қамтуға мүмкіндік береді.