28.08.2023, 20:30

Елорда әкімі Тәжікстан өткізген жәрмеңкеде тәртіп бұзғандар жауапқа тартылатынын айтты

Фото: Астана әкімдігі
Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында өткен көрмедегі бейберекетке қатысты пікір білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқи отырыңыз: Астаналықтар Тәжікстан ұйымдастырған көрмеде өнімдерді талан-таражға салған (ВИДЕО)

Астанада Тәжікстанның көрме-жәрмеңкесі мерзімінен бұрын аяқталды

Өздеріңізге белгілі, өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті.

Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі, - деді қала әкімі.

Тағы оқыңыз: Шенеунік Тәжікстан жәрмеңкесін тонағандардың қазақтар екенін жоққа шығарды

Елорда басшысының сөзіне қарағанда, кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз келген.

Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Астана көшелерінде вандализм мен құқық бұзушылықтардың жиілеп кеткен жағдайларын болдырмау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады, - деді Жеңіс Қасымбек.