Бүгін жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Әкім Үртайұлы (Әкім Тарази) Әшімовтің туған күні. Қаламгер 90 жасқа толды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жазушы Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін, Мәскеудегі сценаристердің жоғары курсын бітірген.
Еңбек жолын орта мектеп мұғалімі болып бастаған. 1956-1958 жылдары - «Ара» журналының әдеби қызметкері. 1958-1959 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы. 1962-1970 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы редакциялық алқасының мүшесі, бас редакторы. 1970-1971 жылдары - «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі. 1971-1980 жылдары Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1986-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы жарық көрді. Одан бері «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Басынан Қаратаудың...», «Кен», «Тәж» повестері, әңгімелері, романдары жарияланды. Сондай-ақ «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», т.б. пьесалардың, «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бірқатар кітаптары шет ел тілдеріне аударылған. «Құрмет» орденімен марапатталған.