Қытайдағы «Singer-2017» халықаралық ән байқауына қатысып жатқан талантты қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің кеше түнде Астанаға оралғанын отандық БАҚ өкілдері жарыса жазды. Алайда, миллиондаған тыңдарманның сүйіктісіне айналып, үлкен жетістіктерге жеткен жерлесімізді әуежайдан күтіп алатын бірер адамнан өзге жан болмапты. Бұған дейін Димаштың жетістігі Мәдениет министрлігінің арқасында деп әншіні "меншіктегісі" келген министр Арыстанбек Мұхамедиұлы түгілі, министрліктің бірде-бір қызметкері Димаштың алдынан гүл алып шығуға жараған жоқ.
Жарайды, журналистер мұны кеш естіген болар. Салдарынан тыңдармандары да құлағдар болмаған шығар. Алайда, Димашпен тығыз жұмыс істесіп жатырмыз деген министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қалайша әншінің елге келетінін білген жоқ? Әлде Димаштың аты мен абыройы тек есептік жиынды сәтті өткізу үшін ғана керек болды ма? Бәлкім түн ортасында ұйқысын бұзып, әуежайға барғысы келмеген болар... Ол жағы тек өзіне ғана аян.
Еске салсақ, осыдан бірнеше күні бұрын Астанадағы жиындардың бірінде А.Мұхамедиұлы Димаштың Қытайдағы үлкен жетістігі Мәдениет және спорт министрлігінің арқасы дегенді меңзеген болатын.
Артынша Димаштың Қытайдағы осынау байқауға қатысуына атсалысып, 2 жыл бойы еңбек еткен Ертай Нүсіпханов есімді азаматтың министрдің өтірігін әшкерелеген жазбасы жарияланды. Ол Димаштың «Singer-2017» байқауына қатысуына не Арыстанбек Мұхамедиұлы, не Мәдениет министрлігі көмектеспегенін ашып айтқан. Тек дайын асқа тік қасық дегендей, Мәдениет министрі орта жолдан қосылып, Димаштың бар абыройын иеленбекші дейді ол.
Ал, Димаш болса Астана әуежайынан түсе сала туған жері Ақтөбеге қарай беттеп кетті. Қытай телеарналарының бірі дарынды қазақ әншісі туралы өз елінде деректі фильм түсірмекші. 2 күнге созылатын түсірілім жұмыстары аяқталғаннан кейін Д.Құдайбергенов Қытайға қайта кетеді.