Алматыда балаларына дұрыс тәрбие бермеген 23 адам ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жыл басынан 357 жасөспірім, сондай-ақ 380 қолайсыз отбасы анықталып, есепке алынды. Бүгінгі таңда есепте 393 кәмелетке толмаған жасөспірім және 583 қолайсыз отбасы бар.
Қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына 653 кәмелетке толмаған бала орналастырылды. Кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде (сағат 22.00-ден кейін) және тұрғын үйлерден тыс жерде (сағат 23.00-ден кейін) болғаны үшін 5640 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің басшысы Жанна Шонжанова.
Жыл басынан бері комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қатысты түрлі деректер бойынша 250 материал қаралып, 23 ата-анаға ата-ана құқығынан айыру түріндегі шара қолданылды. Тағы 539 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.