Оңтүстікқазақстандық полицейлер Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылында жаңа туған баласын сөмкеге орап, көшеге тастап кеткен ананы іздеп жатыр. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Тастанды баланың табылғаны туралы ақпарат Сайрам аудандық ІІБ-не 4 наурыз күні сағат 16:45-те кеп түскен. Шақалақты мектеп маңында ойнап жүрген кішкентай балалар тауып алыпты. Олар сөмкеде оралғанды сәби емес күшік деп ойлаған. Кейін мектептегі кітапханашыны шақырып, сөмкені ашқанда куәгерлердің бәрі жағаларын ұстапты. Оқиға орнына дереу жеткен жедел жәрдем нәрестені аудандық перзентханаға жеткізсе, полицейлер тергеу жұмыстарып бастап кетті. Дәрігерлер әзірге сәбидің жағдайы туралы ешқандай ақпарат бермей отыр. Куәгерлердің бірінің айтуынша, шақалақты анасы тоқылған шүберекке ораған екен. Табылған сәтте оның аяқтары көгере бастапты.
Естеріңізге салайық, ақпан айының соңында ғана Шымкенттегі көшелердің бірінен тағы бір жаңа туған тастанды нәресте табылған болатын. Оның жағдайы қазір ауыр дейді дәрігерлер.