$ 441.44  473.09  4.75

Мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді – Талғат Жәкенов

Тіл комитетінің маманы білім берудің барлық саласында қазақ тілі басымдыққа ие болғанын айтты.
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болғандығы қуантты. Жалпы бұл кездесу қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып келгендігін және солай қала беретіндігін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Тіл комитетінің маманы Талғат Жәкенов айтты.

Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келе жатқандығын қазір халық түсіне де бастады және сезіп те жүр. Мемлекеттік тілдің қолдану аясы да кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Жүйелі жұмыстардың арқасында мемлекеттік тілді дамытуға көп көңіл бөлінуде. Соның бірі осы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысының жаңа белес алуы деп түсінемін, - дейді ол.  

Тіл комитетінің маманы білім берудің барлық саласында қазақ тілі басымдыққа ие болғанын айтты.

Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991-1992 жылдары балабақшаның шамамен 25 пайызы ғана қазақ тілінде еді. Қазіргі уақытта балдырғандардың 80 пайызға жуығы қазақ тіліндегі топтарда тәрбие мен білім алуда. Ал мектептерде қазақ тіліндегі оқушылардың үлесі 1991 жылдары бар болғаны 33 пайыз болса, бұл күнде 70 пайызға жетті және бұл динамика ілгерілеу жолында. Сол сияқты колледждер мен университеттердегі қазақ бөлімдерінің саны едәуір көбеюде. Яғни білім берудің барлық салаларында қазақ тілі басымдыққа ие болды. 
Мемлекеттік органдар арасындағы қазақ тіліндегі құжат айналымы 2008 жылы 50 пайыз болса, қазір қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлесі шамамен 90%-тен асты. Бұл мәселеге енді қоғам да жеке азаматтар да атсалысуға тиіс, - деді Талғат Жәкенов.   

Тіл маманының айтуынша, шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыздың қазақ тілін меңгеруін қоғамдық деңгейде қолдау жұмысы да дамып келеді.

Осы бағытта «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Отандастар» қорымен өзара белсенді жұмыс жасауы көңіл ұялатады. Сондықтан бұл қоғамның жұмысына сәттілік тілеймін, - дейді Талғат Жәкенов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары