12.01.2024, 13:00

«Алтайдағы соңғы қазақ мектебінің түлегі»: Омар Жәлел жазушы Ғалымбек Елубай жайлы жазба жариялады

Фото: adebiportal.kz

«Енді арғы беттегі Алтайдан жазушы туа ма, тумай ма - дәркүмән».

Абайтанушы Омар Жәлел 8 қаңтарда өмірден өткен жазушы Ғалымбек Елубай жайлы жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Сенің өліп қалғаның жақсы болды, Ғалымбек. Таза кеттің. Әйтпесе әлдебіреулер құсап атақ сұрап, ақша сұрап қадірің кетер еді. Өзің айтпақшы - тәлейіңе бір-ақ кітап жазылған екен. Не істейсің, енді, амал бар ма? Жазушы не ерте, не кеш өлмейді, өзінің көтерер жүгін, арқалаған міндетін түгескенде ұша барады деген сөз бар ғой. Сенің де бұл пәнидегі сапарың аяқталған екен. Кітабыңды бас алмай оқып жатқаныма екі күн болды. Басында менсінбей: не өзі, очерк жазған ба деп қоңылтақсығаным рас. Кейін бұл пікірімнің жаңсақ екеніне көзім жетті. Қарапайым боп көрінген оймақтай әңгімелердің астарында зілдей мағына жатыр екен ғой. Сен бір әңгімеңде жазушы болып туу керек депсің. Сен өзің жазушы боп туған екенсің, Ғалымбек. Мен Алтайды аңсап бір көрсем бе деп жүр едім», - деп жазды ол.

Абайтанушы оған жоғалып бара жатқан Алтай әңгімесін бізге жеткізгеніні үшін алғыс білдірді.

Сені көруім үшін сені жоғалтуым керек екен. Өзің айта беретін Оралхан Алтайдың бергі жағында, сен арғы жағында ғұмыр кешіпсіңдер. Сендерге Алтайдың өкпесі жоқ шығар. Енді арғы беттегі Алтайдан жазушы туа ма, тумай ма - дәркүмән. Рақмет саған, Ғалымбек. Жоғалып бара жатқан Алтайдың әңгімесін бізге жеткізіп кеттің. Алтайдағы соңғы қазақ мектебінің түлегі, - деді ол.