"Мұғалімдікке жұмысқа тұру үшін бір жарым миллионға дейін сұрайды".
Депутат Дәулет Мұқаев Қазақстанда барлық саланы сыбайлас жемқорлық жаулап алғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері туралы мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев Қазақстанда барлық салада сыбайлас жемқорлық бар деп есептейтінін мәлімдеді.
"Барлық жерде ол бала туғаннан бастап азамат қайтыс болғанға дейін бар. Мысалы, бала туғанда балабақшаға, одан кейін мектепке орналастыру туралы сұрақтар туындайды, содан кейін басқа сұрақтар мысалы білім алу, отбасы, жұмысқа орналасу.
Бізге Қызылорда облысынан, өзге өңірлерден де азаматтарымыздан хаттар көп түседі. Мысалы, жай тазалықшы болып жұмысқа тұру үшін 500 мың теңге сұрайды, мұғалімдікке жұмысқа тұру үшін бір жарым миллионға дейін сұрайды, маған осындай хаттар келгенде Антикорға хабарласуды ұсынамын", – дейді депутат.
Депутат азаматтарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің колл-орталығына нақты фактілер бойынша жүгінген кезде қандай алгоритм қолдану керектігін түсіндіру қажет екенін айтты.