Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.
2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Бұл арнайы дайындалған жеке заң емес. Қылмыстық кодекске, неке мен отбасы заңнамасына және әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгеріс енгізілген. Өзгерістер бір жинақ ретінде басылып шықты. Оны кез-келген адам интернеттен оқи алады. Skifnews.kz ақпарат порталы бұл заңда қандай өзгерістер бар екенін, ол қалай жұмыс істейтіні туралы материал жинақтады.
Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.
«Бұл заң отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған. Бұл қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Біздің кеңсе осы заңды әзірлеуге белсенді түрде қатысты: заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің барлық аспектілері және ұсыныстары ескерілуін қамтамасыз ету үшін жан-жақты талдау жүргізілді, деректер жиналды, сарапшылармен және қоғам өкілдерімен кеңестер өткізілді», - деп атап өтті Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Оның сөзінше, жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жауапкершілікке тарту, барлық уәкілетті органдар мен ұйымдарда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыздарды қарау нәтижелерін және қабылданған процессуалдық шешімдерді көрсететін интеграцияланған деректер базасын құру, қылмыстық қудалау нысандарын қайта қарау бойынша шаралар ұсынылды. Оларды жеке айыптау істері санатынан алып тастай отырып, отбасылық-тұрмыстық сала және басқа да көптеген заңнамалық түзетулер қаралды.
Мәселен, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, ерлі-зайыптылардың өзара және балаларды ұлттық отбасылық рухта тәрбиелеудің ортақ отбасы некелік, заңнамалық қағидаттарын бекіту ұсынылды. Осы орайда республикадағы отбасын қолдау орталықтары туралы арнайы норма қарастырылды. Өйткені, олар осы уақытқа дейін әртүрлі жағдайда жұмыс істеп келді. Бұл орталықта мемлекеттік отбасы саясатының, соның ішінде некені сақтап қалу, қиын жағдайға душар болған отбасы мүшелерін қолдау, зорлық-зомбылық көрген жандарды қамқорлыққа алу сияқты нақты міндеттерді атқарады. Өз кезегінде осы бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін жергілікті атқарушы және сайланбалы органдарға бірқатар өкілеттіктер берілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Жаңа заң – жалпыұлттық бастама аясында қабылданған нақты шараның бірі деп атап өтті.
Ол үш мәселеге назар аударған жөн екенін алға тартты.
Бірінші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бүгін қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.
Екінші. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімді механизмін жасау – билік пен қоғамның сындарлы ынтымақтастығының нәтижесі. Мысалы, бұл саладағы алғашқы бастамалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері берген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде әзірленді. Бүгін қабылданған заңды даярлауға да Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері белсене атсалысты.
Үшінші. Жаңа заң – Президенттің қоғамдағы бес кеселмен күресу жөніндегі жалпыұлттық бастамасы аясында қабылданған нақты шараның бірі. Президент Атыраудағы сөзінде қоғамдағы кеселдің бірі ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны да атап өтті. Осы құжатты қабылдаудың арқасында Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты. Сонымен бірге, отбасындағы зорлық-зомбылықпен тиімді күресу үшін қоғамда агрессияның кез келген түріне төзбеушілік ұстанымын орнықтыру маңызды. Сондай-ақ қоғамда өзара көмек пен сыйластық, басқа адамдарға құрметпен қарау құндылықтарын дәріптеу керек.
Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты жаңа заңды түсіндіріп, желіде таралған баланы отбасынан ажырату туралы ақпараттың жалған екенін атап өтті.
«Бесіншіден, заң жобасында балаларды отбасынан ажырату туралы бірде бір норма жоқ. Ендеше, әлеуметтік желідегі осыған қатысты әртүрлі алып-қашпа ақпараттың бәрі жалға екенін жеткіземін. Құрметті достар! Мемлекеттің бұл бағыттағы саясаты ең алдымен отбасыны сақтап қалуды, баланың отбасында өсуін, ата-ананың бала тәрбиесіндегі маңызды рөлін көздейді. Естеріңізге сала кетейін, мемлекет отбасы ісіне тек баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда ғана араласып, бала құқығын қорғайды. Ана мен бала, олардың адами құқығы баршамыз үшін ең маңызды басымдық болуы шарт», - деді министр.Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң туралы Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырды.
Депутат заң әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты азайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
«Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңдарға қол қойды Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғаны белгілі. Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Заң әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты азайтады деп сенеміз», - деді Дархан Қыдырәлі.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шөжеева «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат туралы» Заңының қабылдануына қатысты пікірін айтты. Оның ойынша, әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүкіл Қазақстан қоғамының дамуы үшін өте маңызды.
«Қабылданған заңның жазалау функциясына қатысты айта кетейін, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жаза қатаңдатылған. Адам өлтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғушылық, жеке адамға қарсы ауыр қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген. Қабылданған заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, дене жарақатын салу, өзін-өзі өлтіруге итермелеу және оған ықпал ету әрекеттері қылмыстық жауапкершілік жүктейтінін көріп отырмыз. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған бұл әрекеттер үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деп атап өтті Азиза Шөжеева.