Солтүстік Қазақстан облысында былтырдан бері Қазақстан мен Ресейдің азаматтығын қоса алған 92 азамат жауапқа тартылыпты. Құқық қорғау органдарының назарына ілінбей жүргендерінің саны әзірге белгісіз деп хабарлады Хабар-24 телеарнасы.
Олар Ресейде тұрып, Қазақстаннан зейнетақы мен жәрдемақы алып келген. Бұл туралы шекаралас аймақ полицейлерінің онлайн кеңесінде айтылды. Жиынға Солтүстік Қазақстан, Омбы, Түмен және Қорған облыстарының тәртіп сақшылары қатысты. Тараптар қос азаматтық, көлікті айдап кету, тіркеу бойынша бірлесе жұмыс істеу және қарсы әрекет ету жайын сөз етті. Құқық қорғау қызметкерлері әр тоқсан сайын ақпарат алмасып тұруға уағдаласып, жабық мәліметтер бойынша ұсыныс жасады.
Арманбек Баймұрзин, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің басшысы:
- Әрине, сұрақтар бар. Бүгін біз базалық мәліметтермен бөлісу мәселесін көтердік. Бұл іздеуде жүрген көліктерді тексеруге мүмкіндік берер еді. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей полиция қызметкерлері кейбір ақпаратты телефон арқылы ала алады. Осының барлығы қылмысты азайтуға және тез ашуға сеп болады.