$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында аудан әкімдерінің біліксіздігінен бюджетке 2,3 млрд теңге шығын келген

Бүгінде Алматы облысында 21 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Олардың барлығы да үлкен жер телімдерін қажет етеді. Мәселен, БАКАД, "Алматы-Қапшағай, "Батыс Еуропа-Батыс Қытай", "Алматы-Өскемен" тас жолдарын салу үшін мемлекетке 6,9 мың гектарды құрайтын 2 939 жер телімі қайтарылыпты.

Кейбір жер учаскелеріне қатысты осы күнге дейін сот процестері жүріп жатыр екен. Алматы облысы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұған аудан әкімдерінің заңды білмейтіні себеп болған.

"Жер телімдерін алмастан бұрын оны мәжбүрлі түрде алу туралы қаулы шығады, одан әрі меншік иесіне жерді сатып алу туралы келісімшарт жобасы тіркелген хабарлама жіберіледі. Барлық хабарламалар, ескертулер құзырлы органдарда тіркелуі керек. Алайда, бірқатар аудан әкімдері бұл талаптарды орындамаған. Салдарынан, жерді алу процесі ұзаққа созылып, араға сот араласып кеткен. Дәл осы себеппен Іле аудандық әкімдігінің 70 шағымы қараусыз қалдырылды", - дейді Алматы облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Жолан Омаров.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, аудан әкімдерінің біліксіздігі салдарынан бюджетке 2,3 млрд теңге шығын келген. Енді құзырлы органдар бұл қаражатты кері қайтару үшін шаралар қолдануы тиіс.

Орын алған осы жайттардан кейін Талғар, Қарасай, Іле аудандары әкімдігінің бірқатар шенеуніктері тәртіптік жазаға тартылса, кейбір аудан әкімдері мүлдем жұмысынан қуылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары