2017 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан жолдарында 300-ге жуық адам көз жұмды. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов мәлім етті деп жазады ҚазАқпарат.
«Биыл бірінші тоқсанда 3 мыңнан астам жол-көлік оқиғалары орын алып, оның салдарынан 295 адам көз жұмды және 4 мыңнан астамы жарақат алды. Жалпы ЖКО саны бойынша 13 пайызға төмендеу болды. Сонымен қатар жол апатынан қаза болғандар саны 27 пайызға азайды. Ал төрт жолақты автомобиль жолдарына тоқталатын болсақ, осы жолдар бойынша бізде оңтайлы статистика байқалды. Астана мен Бурабай арасындағы жолда жол апаттары күрт төмендеді. Атап айтқанда, ескі жол болған кезде онда адам өліміне алып келген 50 оқиға тіркеліп жүрсе, бүгінде бұл жолда бес жағдайға дейін орын алуда», - деді Бисенқұлов.
Сонымен қатар, ол еліміздегі жол қозғалысындағы қауіпсіздік мәселесін ҚР ІІМ үнемі бақылауда ұстап тұрғандығын айта келе, соңғы бес жылда апаттар саны тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын атап өтті.
Өткен жылы Қазақстан жолдарында 17 мыңнан астам ЖКО тіркеліп, оның салдарынан 2 390 адам көз жұмды, сондай-ақ 23 мыңнан астамы жарақаттанды.