$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да Арыс өзені арнасынан тасып, ауылдарды су алып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс өзенінде судың деңгейі көтеріліп, арнасынан асып кеткен. Салдарынан қызыл су Отырар ауданы аумағында телегей теңіз болып жайылды. Сырдария суының көп болуынан Арыс өзенінің суын қабылдай алмауда. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы мәлімдеді деп жазады ҚазАқпарат.

Қазір  облыстық маңызы бар «Шәуілдір-Көксарай» бағытындағы жолдың үстінен аққан су 15-20 см дейін көтерілген. Жол жиегіндегі жергілікті халықтың қолдан жасаған бөгеттерін де шайып өткен.  Бірақ ТЖД қызметкерлері көлік қатынасы үзілген жоқ деп отыр. Ал, Шәмші Қалдаяқов пен Ақтам ауылдарын жалғайтын  көпір су астында қалып, көліктер өте алмай қалған. Мұны жергілікті тұрғындар ұялы телефонына түсіріп, ватсап желісі арқылы таратқан. Шағын ауылдың балалары көрші ауылға қатынай алмай,  балабақшада оқып жатыр.  Бәрінен де осы маңдағы мал ұстайтын шаруаларға қиын соғуда. Себебі, жайылымдар да  су астында қалған. Дегенмен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы «жағдай қалыпты, бақылап отырмыз» дейді.

«Арыс өзеніндегі судың деңгейі көтерілгеніне 10 күн болды. Бұған дейін Боролдай өзенінен көп мөлшерде келген су Арыс өзені арқылы барып, Отырар ауданында жайылып жатыр. Ары қарай ақпай жатыр, себебі Сырдариядан секундына 1110  текше метр жылдамдықпен су ағып, арнасы толып тұр. Сол жерге су жиналып жатыр. Ертең су азайғанда, бұл су ағып кетіп қалады. Жыл сайын осындай жағдай орын алады. Дегенмен, елді мекендерге қауіп жоқ. Су деңгейі кешелі бері кейбір жерлерде 30 сантиметрге дейін түсті. Ал суды егіндікке шаруалардың өздері жіберген.  Су азайғанда жол арқылы келесі егіндікке жіберуде.  Бұл су қазір ағып кетеді деп айта алмаймын. Әлі 10 күндей жатады», - дейді облыстық ТЖД басшысы Нұрболат Дербісов.

Қызыл судың бір бөлігі Шошқакөл аумағына құйылса, Сарыкөл ауылының айналасын басқан су Сырдарияға жіберілуде. Аудан әкімдігі мен төтенше жағдай қызметі, полиция қызметкерлері жұмылып, сақтық шараларын қолға алыпты. Шәмші Қалдаяқов пен Ақтам ауылдарын жалғайтын көпіріндегі су бір-екі күнде төмендеп, көлік қозғалысы реттеледі дегенді айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары