$ 498.34  519.72  4.85

Қостанай облысында су тасқыны кезінде қайтыс болған зейнеткер жерленді

Қостанай облысы Қарасу ауданына қарасты Железнодорожное ауылының 63 жастағы тұрғыны 16 сәуір күні тасқын судан малын құтқарамын деп жүріп қайтыс болған. Бүгін оны туыстары жер қойнына тапсырды деп жазады "Наша газета" басылымы.

Ауылға тасқын су 15 сәуір күні жеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тілсіз жаудың жақындағанын билік тарапынан ешкім ескертпеген көрінеді. Тек көршілер біріне бірі айтып көше берген.

"Ауыл тұрғындары байбаламға салмай, сабыр сақтап, бір-біріне көмектесе бастады. Малдарын құрғақ жерге шығарысты. Мен алдымен ұлымның үйіне бардым. Ол қырда тұратын. Кейін су ол жерге де жетті. 15-нен 16-на қараған түні көшумен болдық. Сол уақытта қайғылы оқиға орын алды, 63 жастағы көршіміз Виктор Шверст малын тасымалдап жүріп, жүрегі сыр беріпті, қайтыс болды. Бүгін оны жерлеп жатырмыз", – дейді Железнодорожное ауылының тұрғыны Анна Даневская.

Құтқарушылардың есебінше, бұл ауылда 25 үй су астына кеткен. Су қазір тартылып жатыр. Дегенмен, үйлер тұруға жарамсыз болып қалған. Тұрмыстық техника да түгел істен шыққан. Әзірге материалдық көмек туралы билік жақ ашпай отыр дейді тұрғындар.

Айта кетейік, су тасқынынан бүгінге дейін Қостанай облысында үш адам қайтыс болды. 10 сәуір күні "Нива" автокөлігін су ағызып әкеткен. Оның ішінде болған екі адам тұншығып қайтыс болды. Қазір бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріде. Тәртіп сақшыларының айтуынша, көліктегі ер адамдар мас күйде болған, жолдан байқаусызда шығып кетіп, өзенге құлапты.

Тасқын судың үшінші құрбаны 17 сәуір күні суға ағып қайтыс болды. Қарасу ауданының тұрғыны көпірден жаяу өтпек болғанда оны су ағызып әкеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары