$ 498.34  519.72  4.85

Сенат депутаты жол полицияларына "таяқтарын" қайтарып беруді талап етіп отыр

Бұл ҚР Парламенті Сенатындағы Үкімет сағатында депутат Серік Ақылбай көше қиылысында қозғалысты реттейтін полицейлерге алатаяқтарды қайтарып беруді ұсынды деп жазады ҚазАқпарат.

«Жол қозғалысы ережесінде полицейлер жүргізушілерді қолмен және алатаяқ арқылы тоқтата алатыны жазылған. Еуропалық тәжірибені ескере отырып, алатаяқтардан бас тарту шешімін жасадық, яғни біз автокөлікпен шолғындау тәртібіне көштік. Алатаяқтың орнына арнайы жарық белгілері бар киім және қолғап беріліп жатыр. Тұрғындар әлі де осы жаңашылдықтарға үйрене алмай жатқаны белгілі, алайда көше қиылыстарында қозғалысты алатаяқсыз реттеудің тәртібінде еш өзгешелік жоқ. Адамдар алатаяққа дағдыланып қалған, кейіннен қолмен қозғалысты бағдарлап тұрған полицейлерге тұрғындардың көздері үйренеді», - деп тоқталды ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Өз кезегінде Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай кей кездерде көше қиылысында алатаяқсыз көлік қозғалысын реттеп тұрған полицейдің іс-қимылы дұрыс көрінбейтінін айтты.

«Жол полицейлері осы алатаяқты ұстамаса да, қиылыста қозғалысты реттейтін қызметкерлерге оны қалдыру керек шығар. Әсіресе, түнгі уақытта бұл алатаяқтар қажет. Мен жүргізуші ретінде осы өзгеріске үйрене алмай жүрмін. Бұл тұрғыда интернет желісінде адамдардың пікірлері көптеп айтылуда», - деді депутат.

Осы орайда ҚР Ішкі істер министрі бұл ұсынысты қарастыруға болатынын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары