$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте репрессия құрбандарының сүйегі жатқан жерге ойын-сауық орталығы салынғалы жатыр

Шымкентте 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кеткен мыңдаған адамның сүйегі жатқан жерге жергілікті билік ойын-сауық орталығын салмақшы. «Қайтпас» шағынауданының тұрғындары "Отырар" телеарнасының тілшілеріне осылай шағымданып отыр.

Жергілікті ақсақалдар марқұмдардың әруағына тыныштық беруді талап етуде. Түлкі сайы аталып кеткен бұл жерге отызыншы жылдары саяси қуғынға ұшыраған қазақ азаматтарын әкеліп атқаны белгілі. Марқұмдардың сүйектері осында көмілген, шашылып қалған деуге де болады.

Мұнда әруақтарға құран күнде бағышталады. Ақсақалдар репрессия мен аштық құрбандарын еске алып, олардың тыныштығын бұзуға бұған дейін ешкімге жол берген емес. Соғыстан кейінгі жылдары да бұл қорымға адамдар жерленіпті. Сау қалған соңғы зиратта 1958 жыл деген жазба бар.

Ал, Түлкі сайына жақын күндері ойын-сауық орталығын салады деген жаңалықты естігенде жергілікті тұрғындардың төбелерінен жай түскендей болыпты. Үлкен қоымда бірнеше мың адам атылған. Бірақ, нақты қанша адамның сүйегі жатқаны әліге дейін белгісіз. Жергілікті билік осыдан бірнеше жыл бұрын сайдың бір жерін қоршап, «Қасірет» мемориалын ашқан болатын. Ал, қалған бөлігі қоршаусыз жатыр.

«Біз бала кезімізде бұл жерде күніге ойнайтынбыз. Ойнап жүріп адамдардың сүйектерін тауып алатынбыз, оларды үйге әкелетін едік. Ата-аналарымыз сүйектерді арулап, қорымға әкеліп жерлейтін», - дейді жергілікті тұрғындардың бірі.

Ойын-сауда орталығының салынатыны туралы ақпаратты тұрғындар осыдан екі жыл бұрын естіген. Олар дереу депутаттарға барып, наразылықтарын білдіріпті.

«Мен әкімнің қабылдауында болдым, тұрғындардың шағымын жеткіздім. Әкім менің көзімше шешімге өзгеріс енгізуді тапсырды. Ал, әкімнің тапсырмасы не үшін орындалмағаны маған белгісіз», - дейді қалалық мәслихаттың депутаты Ғани Ахметбеков.

Қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары да қорымның орнына құрылыс жүргізілетінін растап отыр. Бірақ, қала әкімінің шешімі ғана құрылысты тоқтата алады дейді олар. Ал, «Қайтпастың» ақсақалдары болса енді облыс әкіміне барғалы отыр. Олар мыңдаған адамның сүйегі жатқан жерге ешқандай құрылыс жүргізуге жол бермейміз дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары