Күні кеше ОҚО Сайрам ауданында жергілікті кәсіпкерден 1 миллион доллар бопсалаған ер азаматтың ұсталғанын хабарлаған болатынбыз. Ол, өзі талап еткен соманың бір бөлігін, яғни 9 миллион теңгесін алып жатқан кезде қолға түскен. Артынша белгілі болғаны, күдікті аудандық мәслихатта бұрынырақ депутат болған екен. Алайда, полицейлер оның аты-жөнін айтуға асығар емес.
Еске салайық, жедел іс-шаралар жүргізу барысында ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдікті 1963 жылы туылған Сайрам ауданының тұрғынын өз үйінде 9 миллион тенгені қолма-қол алу барысында ұстаған еді. Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін қарау барысында 9 дана атыс, жарақат салатын, пневматикалық қаруларды және мыңға жуық әр түрлі калибрлі оқ дәрілерді тәркіледі.
Аталған жайт СДБТР тіркеліп ҚР ҚК екі бабымен қылмыстық іс қозғалды: 194 бабының 4 тармағы «Қорқытып алу», 287 бабының 2 тармағы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру». Сот қаулысымен ұсталған азамат 2 айға қамауға алынды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.