$ 448.15  483.46  4.86

Алматыда полицейді ұрған мас жүргізуші әкімдікте жұмыс істеген (ВИДЕО)

Күні кеше Алматыда спирттік ішімдік ішкен жүргізушінің полицейге шабуыл жасап, оның бетінен жұдырықпен ауыр соққы жасағанын жазған болатынбыз. Patrul.kz порталының хабарлауынша, күдікті бұған дейін жергілікті әкімдікте жұмыс істеген екен.

Күдікті мінген Toyota автокөлігін полицейлер 1 мамыр күні таңғы сағат алтылар шамасында Жароков көшесінде байқап қалған екен. Әр жолаққа бір түсіп, полицейлердің күдігін тудырған көлік жүргізушісі жол патрульдік полицейлерінен қашып, ақыры артынан келе жатқан Mitsubishi Montero көлігін барып соғыпты.

Ал, құжаттарын беруді талап еткен тәртіп сақшыларына ол Алматы әкімшілігінде істейтінін растайтын куәлігін көрсетіп, полицейлерді жұмыстан шығарамын деп қорқытқан екен. Заң өкілдерінен құтыла алмайтынын білгеннен кейін көлігінен түсіп, инспекторлардың бірін соққыға жыққан.

Наркология орталығына келгеннен кейін де күдікті сабасына түскен жоқ, полицейлерді боқтап-балағаттағанымен қоймай, ол медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан. Күдікті өзінің ешқандай спирттік ішімдік немесе есірткі заттарын пайдаланбағанын біразға дейін алға тартыпты.

Кейінірек белгілі болғандай, ұсталған азаматтың аты-жөні Алмат Шәймерден екен. Ол қалалық әкімдіктің мемлекеттік сатып алулар бөлімінде маман, табиғи ресурстар басқармасында бас маман, кейін осы басқарманың қатты тұрмыстық қалдықтар бөлімінде бас маман болып жұмыс істепті. Алайда, былтыр жыл соңында ол өз еркімен жұмыстан шығып, қызметтік куәлігін тапсырмай кетіп қалған.

Күдіктінің үстінен бүгінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Егер оның айыбы дәлелденсе 2 жылға дейін қамалуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#видео