05.05.2017, 10:55

ОҚО-да жоғалып кеткен оқушы қызды қамауда ұстаған

Осыдан 2 апта бұрын жоғалып кеткен Сарыағаш қаласының 15 жасар тұрғыны аман табылды. Оны Шымкентте жас жігіт пен қыз пәтерде қамап ұстаған көрінеді. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Оқушы қыздың айтуыша, ол өзін ұрлаған адамдармен әлеуметтік желіде танысқан. Әлгі екеу жеткіншек қызға жұмыс ұсыныпты. Ақша табуды мақсат еткен қыз көп ойланбастан облыс орталығына тартып кеткен.

Бұл 22 сәуірде болған оқиға. Арада өткен 2 апта бойы қыздың ата-анасы оны іздеумен болыпты.

"Күдікті қыз бен жігіт Шымкент қаласының тұрғындары, екеуі де 1995 жылы туған. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптамалар тағайындалды. 2002 жылғы жәбірленген қыздың ата-анасы оны Сарыағашқа алып кетті", - дейді ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Ал, күдіктілердің айтуларынша, оқушы өзіе 18-ге толғанмын деп таныстырған көрінеді. Тіпті, пәтерде оны қамап ұстағанымыз жоқ деп те ақталуда.