Петропавлдағы су тасқынының екінші толқыны біріншіден де жоғары. Ал, Петропавл су қоймасы соңғы 23 жылда болмаған деңгейге көтерілді деп жазады Қазақпарат.
Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев кейбір елді мекендерде су деңгейі төмендесе де, Петропавл ауданында керісінше көтеріліп отырғандығын айтты.
«Есіл өзеніндегі Тоқсан гидробекеті мен Покровка ауылындағы Сергеев су қоймасының су деңгейі айтарлықтай төмендеуі байқалып отыр. Петропавл су қоймасы суының үшінші рет көтерілуі болмайды деп болжаудамыз. Өкінішке орай, соңғы күні судың деңгейі тағы да 6% артты. Қазгидрометтің болжамы бойынша бүгін және ертең де су көтерілуі мүмкін. Тағы да 10-13 см болады деп күтілуде. Петропавл қаласы бойынша су деңгейі ең жоғары шегіне жетіп, сосын судың деңгейі біртіндеп төмендейтін болады,- деді Антон Фадяев.
«Бірінші су тасқыны орын алған кезде Петропавл су қоймасындағы судың деңгейі 11,67 метр болған еді, ал қазір ол - 11,87 метр деңгейді көрсетіп отыр. Бұған дейін облыста судың ең жоғары деңгейі 1994 жылы тіркеліп, 11,26 метрді құраған», - деді әкімнің орынбасары.
Бүгінде Мичурино бөгеті қайта бекітілді, жағдай тұрақталды, алайда су деңгейінің жоғары болуына байланысты бөгет жұмысын бақылау жалғасуда. Жалпы жағдайды қатты соққан жел қиындатып отыр.
Облыста су алған барлық 224 үйге соңғы тәулікте Долматов елді мекенінен тағы да үш үй қосылды. Сондай-ақ су астында Былғары зауыты кентіндегі 115 тұрғын үй және Заречный кентіндегі 30 үй қалып отыр.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары, қазіргі кезде былғары зауыты кентіндегі бөгет құрылысына арналған жобалық-сметалық құжат әзірленуде екендігін тілге тиек етті. Құрылыстың жалпы құны шамамен 2,5 млрд теңгеге есептелген.