11.05.2017, 04:08

Алматыдағы зиратта ер адам бірнеше адамды тонап, бір әйелді пышақтап тастаған

Оқиға 9 мамыр күні Алматыдағы христиан зираттарының бірінде орын алған. Пышақпен қаруланған белгісіз ер азамат журналист Татьяна Гуржиді тонап, тағы бір әйелді пышақтап тастаған. Бұл туралы Гуржий өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Журналистің айтуынша, күдікті ер адам оның бағалы заттары мен ұялы телефонын тартып алыпты. Зиратта оған белгісіз бір ер адам жақындап келіп, тамағына пышақ тақаған.

- "Менің айтқанымды істесең ғана тірі қаласың", - деді ол. Осындай жағдайлар жайлы көп жазған едім! Бәрін беріп құтылуды ғана ойладым! Саусағымнан неке жүзігін шешіп алды, әмиянымды шығарды, барлық ақшаны алды. Телефонымды сұрады, үйде ұмытып кеткенімді айттым. Дәл осы кезде біреу телефон соқты! Осы кезде оның пышақпен босқа қорқытып тұрмағанын сездім. Сосын ол мені итеріп жіберіп, сөмкемді тартып алды. Орындыққа соғылдым, ол мұнысымен қоймай, желкемнен ұстап, тағы да тақап тұрды. "Сен осында қалып қойғың келе ме?" деп құлағымның түбінен сыбырлағаны әлі есімде. Сөмкемді ұзақ ақтарды, кілттерімді, телефонымды шығарды. "Симкамды" алып тастады. Менің дәрілерімді көріп, "жүрегің ауыра ма?" деп сұрады. Кейін "Полицияға арызданып көр - тауып аламын да, пышақтап тастаймын" деді. Сосын өзінің қайғылы оқиғасын баяндады. Өмірдің қиын екенін, жұмысқа ешкімнің алмайтынын, отбасының жоқ екенін айтты. Мойныма пышақ тақаған күйі он рет кешірім сұраған шығар, сосын орталық аллеяға қарай жүре бастады, - деп жазды Гуржий.

Журналистің сөзінше, шабуыл жасалғаннан кейін ол зират күзетшісінен полиция шақыруын сұраған. Бірақ ер адам қылмыскер қашып кеткен шығар деген болжамын айтқан. Сөйтіп, әйел үйіне жеткен соң ғана полицияны өзі шақырған.

- 102-дегі қыз маған жедел жәрдем қажет екенін бірден ұқты. Ауруханаға жеткізді. Көмек көрсеткеннен кейін полицейлермен бірге зиратқа бардық. Қақпаға таяғанда тағы бір шақырту түсті - зиратта біреу адамдарды пышақтаған! Сол жерде!!! Қарауыл болып бір әйел отырған, бір жағы түгелдей қанға бөккен. Сөйтсе, сол хайуан екі сағаттан кейін әлгі әйелге барып, құнды заттарын талап еткен. Әйел қарсылық білдіріп, айғайлай бастаған. Сонда оған пышақ салып, итеріп жіберген. Әйелді кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар көріп қалып, жедел жәрдем шақырған. Бұл оқиға кешкі 4 пен 6-ның арасында болған. Сол кезде ол екі баласы бар әйелге шабуыл жасаған, пышақпен қорқытып, баласының ұялы телефонын тартып алған, - деп жазды журналист.

Полиция қызметкерлері зиратты түгелдей тексеріп шықса да, тонаушыны ұстай алмаған. Кейін осы жазбасына қатысты жазған пікірлерінің бірінде журналист тонаушының ұсталғанын хабарлады.

- Біз оны таныдық! Ол ұсталды! Шұғыл әрекет еткендеріңізге рақмет! Жарайсыздар. Ер адам бізді бірінші рет көріп тұрғанын айтып қояды. Телефонды да біреу қалтасына салып жіберіпті-мыс, барлық телефонды...", - деп баяндады оқиғаны журналист Татьяна Гуржий.

Дереккөз: Tengrinews.kz