$ 494.87  520.65  4.91

Шымкенттегі «Қайтпас» шағынауданы үлкен қоқыс алаңына айналып барады

Шымкентте тұрғындар көп шоғырланған «Қайтпас» шағынауданы үлкен қоқыс алаңына айналып барады деп жазады Otyrar.kz. Қоқыс тазалаушылар қазір елдімекендегі тұрмыстық қалдықтарды шығарып үлгермей жатқан көрнеді.

«Әр аптаның жұмасында біздің көшедегі қоқысты алып кететін. Бірақ, соңғы үш аптадан бері тазалықпен айналысатындар келмеді. Біздің бір тыйын да қарызымыз жоқ, тариф бойынша кешіктірмей төлеп келеміз», — дейді осы шағынауданның тұрғыны.

«Қайтпас» шағынауданының тазалығымен «Эко Транс Строй» ЖШС айналысуы тиіс. Алайда, өздеріне жүктелген міндетті компания мамандары орындай алмай отыр. Жергілікті тұрғындардың жұқпалы ауру тарамай ма деген қаупі бар, өйткені 3 аптадан бері жатқан тұрмыстық қалдықтардың иісі кеңсірікті жарады.

«Мен компания басшыларына бірнеше рет хабарласып, қоқысты тазартуын талап еттім. Олар уәде беруден шаршамайды. Бірақ, ешбірі келген жоқ. Техникаларының сынып қалғанын сылтауратты. Кейін телефондарын мүлдем сөндіріп тастады. Қаратау аудандық әкімдігінің қызметкерлері де хабарласа алмай отырғандарын айтты», — дейді жергілікті тұрғын.

Шағынауданға журналистер келгенін естіген «Эко Транс Строй» компаниясының басшылары «Қайтпасқа» дереу жетіп, тұрғындарға жағдайларын айтып түсіндірді. ЖШС директоры Жұмағали Отарбаевтың айтуынша, компанияның қоқыс полигонына берешегі бар екен. Соның салдарынан олардың банктегі шоттары бұғатталыпты. Ақша болмағаннан кейін жұмыс та тоқтап қалған. Алайда, жақын уақытта бүкіл қоқысты тазартуға Ж.Отарбаев уәде берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары