Шымкенттік әйел 7 жасар баласын өлімші етіп ұрып тастады деп хабарлайды ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі. 1986 жылғы әйелдің жалғыз ұлын не үшін сабағаны әлі белгісіз.
Кішкентай баланы ауруханаға ес-түссіз жағдайда алып келген. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Анасы дәрігерлерге баласының құлап түскенін айтыпты. Алайда, оның денесін тексерген ақхалаттылар баланың адам қолынан зәбір көргенін анықтап, дереу полицейлерге хабар берген.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана зиян келтiру) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қатыгез ана қамауға алынуы мүмкін.
Ал, кішкентай бала болса облыстық аурухананың ауыр халде жатыр. Дәрігерлер оның миы шайқалғанын, бас сүйегінің зақымданғанын және беті мен мойнының күйгенін айтуда.